Павлодар және Ақсу қалаларындағы алты оқу орнын жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Былтыр аймақта білім беру мекемелерін заманауи талаптарға сай жабдықтау мақсатында «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы қолға алынған болатын. Соның аясында өткен жылы 6 мектеп жаңғыртудан өтсе, биыл 85 мектеп күрделі жөндеуден өтуі тиіс еді. Бұл мақсатта мемлекеттік бюджеттен 8 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Алайда кейбір мектептерде жұмыстың жақын арада бітер түрі жоқ. Жауапты сала өкілдері біресе жобалық-сметалық құжаттаманың кеш жасалуын, біресе жұмысшылардың аздығын алға тартып, әр түрлі уәж келтіріп отыр. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов шілде айында аталмыш мектептерді аралаған кезде-ақ жұмысшылар санын көбейтіп, қарқынды үдетуді тапсырған еді. Десе де, аймақ басшысының тапсырмасы іс жүзінде орындалмай отыр.
Павлодар қаласының тұрғыны Самал Орынтаева аталмыш мәселеге алаңдаулы. Ата-ананың пайымынша, жоспарлы істерді балалар қашықтан білім алып жатқан тұста бастауға болатын еді.
«Биыл балалар жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастап, мектепке баратынын естігенде қуанып едік. Бірақ біз баратын №7 мектепті жөндеу жұмыстарының әлі аяқталмауы салдарынан басқа оқу орнына баруымыз керек екенін білгенде бұл қуаныш су сепкендей басылды. Білуімше, 600-ге жуық бала оқитын мектеп оқушылары екіге бөлінуі тиіс. Жоғары сынып оқушылары Лермонтов көшесіндегі өндірістік оқыту комбинатында білім алса, бастауыш сынып балалары Жеңіс алаңы көшесінің бойында орналасқан №11 мектепке барады екен. Бұл өте ыңғайсыз. Балаларды жеке-жеке апарып, әкету керек болады. Оған қоса, эпидемиологиялық ахуал өршіп тұрған тұста екі мектептің оқушыларын, яғни 1 мыңнан астам баланы бір нысанда оқыту санитарлық талаптарға қаншалықты сай болады, қауіпсіз орта жасала ма деген сұрақтар мазалайды. Мұндай «жаңашылдықтың» қанша уақытқа жалғасары да белгісіз», - дейді ата-ана.
Жөндеу жұмыстарының кешігуіне байланысты балалар өзге білім ордаларына көшуге мәжбүр. Тіпті, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің шәкірттері өздерінің жатар орындарында, дәлірек айтқанда жатақхана бөлмелерінде оқымақ.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, алты мектеп ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Олардың тарапынан айтарлықтай қарсылық жоқ.
«Кейбір мектептерде жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмағаны рас. «Заманауи мектеп» бағдарламасы күрделі жөндеу жасауды көздейтіндіктен, жобалық-сметалық құжаттамаларда жұмыстардың 7-8 айға жалғасатыны айқын көрсетілді. Себебі ауқымды істі бірнеше айдың дересінде атқару мүмкін емес. Мұны ата-аналар мен мектеп ұжымы жақсы түсінеді. Балалардың қолайлы ортада сапалы білім алуы үшін ыңғайсыздыққа аз уақыт шыдау керек», - дейді Дінислам Болатханұлы.
Осылайша, облыстағы 6 мектептің 4 мыңға жуық оқушысы жаңа оқу жылын басқа білім ордаларында бастайды. Жергілікті биліктің баяндауынша, санитарлық талаптарды сақтау мақсатында олар үшін төрт ауысымдық білім беру жүйесі қарастырылды. Ал «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы аясында басталған жұмыстардың қай уақытта аяқталары әзірше белгісіз.