$ 447.4  477.55  4.76

Шымкенттік әйел күйеуінің өліміне полицейлерді кінәлап отыр

41 жастағы Роза Әмірбекова екінші топтағы мүгедек, бес баланың анасы. Жуырда ол күйеуінен айрылып, жесір қалды. Жолдасымның өліміне полицейлер кінәлі деген әйел «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауына келіп, билік өкілдерінен көмек сұрады.

«2 қазан күні мен күйеуім Жамбыл Іңкәрбековпен банкке бардық. Кіреберісте белгісіз әйел өзінің ұялы телефонын түсіріп алды. Күйеуім оны алып алған. Мұнан кейін затын жоғалтқан әйел полицияға арызды белгісіз жағдайда телефонымды жоғалтып алдым деп жазыпты. Ал, ІІБ қызметкерлері ұялы телефонды менің күйеуім ұрлады деп қылмыстық іс қозғаған. Полицейлер бізден ақша талап етті, тергеу бөліміндегілер 2 мың доллар тауып әкелуімізді айтты. Бізде ондай ақша қайдан болсын? Күйеуім 17 жыл өрт сөндіруші болып жұмыс істеген. Сот процесі басталғанда оны жұмыстан шығарып жіберді. Бұл ауыртпалықты көтере алмай, жолдасымның қан қысымы көтеріліп кетті. 1 мамырда ол қайтыс болды. Әлі өзіме келе алар емеспін»,- дейді Роза Әмірбекова көзіне жас алып.

Қоғамдық қабылдауда болған Әл-Фараби аудандық ІІБ қызметкерлері болса өз әріптестерінің мұндай қадамға бармағанына сенімді. Олар телефон ұрлау қылмысының расымен де орын алғанын айтып отыр.

«Іс прокуратура арқылы өтті, сотта қаралды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Егер ұялы телефон ұрланбаса іс сотқа жетпейтін еді»,- дейді Әл-Фараби аудандық ІІБ басшысы Нұрмахан Жалғасов.

Жесір әйел болса бұдан былай полицейлерге сенбейтінін, енді арызды тек Жоғарғы сотқа жазатынын айтып, үйіне қайтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары