06.03.2023, 16:40

«5-9 сынып оқушыларына Адам Атадан бастап бүкіл Пайғамбарлардың өмірін оқыту керек» - Сәуле Әбілдаханқызы

фото: https://www.instagram.com/saule_abedinova/
Дұрыс оқытып, дұрыс бағыттай алмасақ, әр саланың әліппесін нақты үйретпесек, жолын қате таңдап, адасқандар мен шатасқандар көбейеді. Сақалит бахабиттер соның нәтижесі...

Мектеп оқушыларына Құдай, Пайғамбар туралы да, Дарвин туралы да жасына лайық бағдарламамен оқыта беру керек. 

Құдай, Пайғамбар туралы оқыған бала дінді, жаратылыстануды түсінеді, ұлылықты, тектілікті мысқалдап болса да бойына сіңіреді, моральді, дәстүрді біледі, жақсылық пен жамандықты ажыратып үйренеді.

Дарвинді оқып білген бала нақты ғылымға, ізденуге бейім болады.

Осы екеуінің ортасынан өз көзқарасын қалыптастырып, бағытын айқындайды, өз жолын таңдайды. Құдайшыл діндар бола ма, атеист бола ма, гуманист бола ма, нақты ғылымға басымдық бере ме - өзі шешсін.

Бірақ не оқытамыз, қалай оқытамыз - міне бұл үлкен мәселе... Мойындауымыз керек, бізде қазір немеренің жүрегіне тәрбие дәнін егетін бұрынғыдай ата-әжелер жоқ, олардың ертегі-шежіре, жыр-дастан мектебі жоқ... ұлттық мектеп жоқ... Біз балаға тас боп қатып қалған кеңестік стереотипті "внушать" етуді ғана білеміз. Кіріспесін оқытпай, орта жолдан "Құдай жоқ" деп миына құямыз...

Он томдық романның алдыңғы 9 томын оқымай, соңғы 10 томын ғана оқып, шығарманы толық білем деуге бола ма?..

Яғни бізде оқу бағдарламалары да, оқыту методикасы да дұрыс емес... Мысалы, 1-5 сыныпта ертегіні, жыр-дастанды, ұлттық дәстүрді оқыт. 5-9 сыныптың баласына бірден дін туралы атеистердің көзқарасын емес, ең алдымен Адам Атадан бастап бүкіл Пайғамбарлардың өмірін оқыту керек. Олардың өмірі түгел миф емес қой, фактілер де көп... әсіресе соңғы екі Пайғамбар туралы... Біз баланың еркін ойлауына, еркін қиялдауын, өзі танып-түсінуіне мүмкіндік бермейміз. Біз ойлағандай ойла дейміз. Өзіміздікі дұрыс екеніне соншалықты сенімдіміз. 9-11 сыныпта "атеизм" пәні дейсің бе, "теология" дейсің бе, "дінтану" дейсің бе - теорияны оқыт.

Бүгінгі заман басқа, бүгінгі бала басқа. Дұрыс оқытып, дұрыс бағыттай алмасақ, әр саланың әліппесін нақты үйретпесек, жолын қате таңдап, адасқандар мен шатасқандар көбейеді. Сақалит бахабиттер соның нәтижесі...

Ал атеистердің немесе теологтардың  талдауларын, зерттеулерін 10-11 сыныпта оқыт. Сосын бала ары қарай өз санасымен, жүрегімен түсінеді - өзіне не керек екенін... Құдай керек пе, Пайғамбар керек пе... әлде Дарвин керек пе...

Мен де бала кезден Құдайға сеніп келіп, 35-40 жасымда Құдай ұрып сенімімді жоғалтып, күмән келтіргем... сосын біраз кітаптарды оқып, Құдайымды қайта тапқам... Құдайды, Құранды түсіну оңай емес... Құранды түсіну үшін Пайғамбарлардың өмірі туралы барынша көбірек оқып, білу керек... 

Ал, шындап келгенде, Құдай қаламаса, пенденің санасына сәуле түсуі мүмкін емес... Менің орта жасқа келгенде анық түсінгенім - адамға Сенім керек. Сенім қандай қиындықта да көмектеседі... Сенім деген - жақсылық, адалдық, әділдік, ізгілік, махаббат, мейірімділік, қайырымдылық, қарапайымдылық, ақылдылық, арман, тілек, мақсат, шыдам, сабыр, төзім, бақыт, РУХ... Сенім деген - БӘРІ!.. Сенім деген - Өмір... Сенім деген - қараңғы түнекте алыстан жылт-жылт еткен жап-жарық сәуле... Сенім өлген кезде - адам өледі... Құдайға сену - Жақсылыққа сену...

Құдайдан үмітсіз - шайтан ғана. Құдайдан үміттеріңізді үзбеңіздер... Үміт үзілген кезде - Өмір тоқтайды...

Мектеп оқушысының мұғалімге сабақ айтқанын көргеннен кейін туған ой ғой... асығыс жазылды, түсініксіз болса, кешірерсіздер...

Журналист Сәуле Әбілдаханқызының facebook парақшасынан