$ 441.66  475.14  4.86

Титандар шайқасы: 5-ші округ бойынша Алматыдағы депутаттыққа кандидаттар пікірсайысында кім топ жарды?

Осыдан бірер күн бұрын Orda.kz сайтының YouTube арнасында Парламент Мәжілісі сайлауына өзін-өзі ұсынған кандидаттар арасында тағы бір қызу дебат болып өтті.
фото: adyrna.kz
фото: adyrna.kz

Биылғы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны жаңаша форматта жүріп жатыр. Көптеген сарапшылар бұрынғы саяси науқандарға қарағанда бұл сайлаудың тартысты дебаттарымен ерекшеленіп отырғанын айтады. Осыдан бірер күн бұрын Orda.kz сайтының YouTube арнасында Парламент Мәжілісі сайлауына өзін-өзі ұсынған кандидаттар арасында тағы бір қызу дебат болып өтті. Пікірсайысқа журналист, ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің тең құрылтайшысы Әсет Матаев, «Елге Қайтару» активтерді қайтару қорының негізін қалаушы Оразалы Ержанов, Экономикалық ұлтшылдық қозғалысының жетекшісі Айбек Барысов және қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан қатысты. Сарапшылар бұл дебатқа да нағыз саяси тартыс болды деген баға беріп жатыр. 

Белгілі саяси шолушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, жарыссөз өте қызықты өткен. 

«Оған әр түрлі жастағы адамдар қатысты: 59 жастағы қаржыгер Ержанов, 49 жастағы қоғам қайраткері Тайжан, 46 жастағы кәсіпкер Барысов және 38 жастағы журналист Матаев. Сол секілді Базарбек, Егеубаева сынды кандидаттар өзгеше қырынан көзге түсті. Ал Әлжанова шақырудан бас тартқан немесе елемеген. Өкінішті, әрине! Мемлекеттік билікке барғысы келетіндер кем дегенде бір рет бәсекелестермен пікір алмасып, өздерін көрсетулері керек еді», - дейді Ғазиз Әбішев. 

Ол сонымен қатар барлық үміткерлердің нақты мәселелерді көтере білгенін айтады. Кейбір мәселелер бойынша олардың ұстанымдарында айтарлықтай ұқсастықтар байқалған.

«Тайжан-көптеген жылдар бойы республикалық саясатта жүрген тәжірибелі саясаткер. Оның тақырыптары: орыс тілін Конституциядан шығару, Самұрық-Қазынаны тарату және Парламенттік Республика. Ержанов болса Қазақстаннан заңсыз шығарылған капиталды қайтаруға нақты көңіл бөледі. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы 30 жылын ерекше құқықтық бағалауды ретроактивті түрде енгізу және осы негізде мемлекетке қайтарылуы қажет капиталдарға қатысты мемлекеттік ықпал ету шараларын қолдану.

Барысов - саясаткер емес, бірақ прагматикалық кәсіпкер. Басты ерекшелігі- экономикалық ұлтшылдық, қазақстандық тауарлар мен қызметтерге баса назар аударады. Матаев-журналист, сөз бостандығы мен демократия үшін күресуші. Оның төрт қатысушының ішінде жергілікті күн тәртібіне баса назар аударатынын айта кету керек. Алматы экологиясын, көлік проблемаларын жақсарту, нүктелік құрылыс жағдайын түзету шараларын ұсынды», - деп атап өткен шолушы аталмыш пікірсайыста Барысов пен Матаевтың позицияларының қызықты тұстарына тоқталған.

«Барысов агрессивті ұстанымда болды. Сұрақтар секциясында үш қарсыласын да «ескі Қазақстанға» қатысы бар деп айыптады. Мәселен Тайжан мен Ержановтың ширек ғасыр бұрынғы Ұлттық банкте жұмыс істегендерін бетіне басты. Оған қоса, Әсет Матаевтың әкесі - Сейтқазы Матаевтың 1991-1993 жылдардағы Президенттің баспасөз хатшысы ретіндегі жұмыс істегені де бар. Абырой болғанда үшеуі де Барысовтың шабуылын тойтара білді», -деп атап өткен сарапшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#дебат #Сайлау