15.03.2023, 10:00

«AMANAT»: негізгі міндеттердің бірі - жастарға қолдау көрсету

Фото AMANAT партиясының баспасөз қызметінен
Елімізде 14 пен 35 жас аралығында 6 миллионнан астам жастар болса, оның 640 мыңға жуығы біздің облыста.

Бүгін "AMANAT” партиясы Түркістан облыстық сайлауалды штабының өкілдері Алтынсары Үмбетәлиев, Әбдібақыт Мақұлбаев, Бахыт Еркінбек, Әділет Әбухайыров, Жандос Әзімбай және Жансерік Жұман ордабасылық жастармен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

“Жастар – қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру ісінде өскелең ұрпақ айрықша орын алады. Сондықтан да, партияның негізгі бағытының бірі – жастар секторы болып отыр. Елімізде 14 пен 35 жас аралығында 6 миллионнан астам жастар болса, оның 640 мыңға жуығы біздің облыста. Жастардың арасындағы негізгі өзекті мәселелердің бірі – білім сапасының төмендігі. Мәселен, былтыр біздің облыста 17 мыңнан астам жұмыссыз жастар тіркелген. Біз осы мәселені шешудің нақты жолдарын сайлауалды бағдарламамызда ұсынып отырмыз. Облыстағы техникалық және кәсіптік білім алушылардың саны 37,5 мыңға дейін арттырылмақ. Сонымен қатар, облыста "Жастар практикасы" бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасушылардың санын арттыру да көзделуде. "Алғашқы жұмыс орны" бағдарламасы арқылы жыл сайын 3,5 мыңнан астам жас маман жұмыспен қамтылатын болады. Оның ішінде Ордабасы ауданы бойынша жыл сайын 200-ге жуық жастар қамтылмақ”, – деді кездесуде Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Сонымен қатар, штаб мүшесі Жандос Әзімбай кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды түсіндірді.

“Бұл бағытта партия "Бизнес бастау" жобасы арқылы жыл сайын 3,6 мыңнан астам азаматтың кәсіпкерлігін дамытуға гранттар бермек. "AMANAT" партиясы ауыл жастарына да ерекше көңіл бөліп отыр.  Мал бордақылаймын, егін егемін деген жастар үшін "Ауыл аманаты" жобасы іске қосылды. Жоба аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беруді көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде жобаны жүзеге асыру үшін республикада 125,8 миллиард теңге бөлінді. Оның 11 милиарды біздің облысқа бағытталмақ. Бүгінгі таңға облыс бойынша 8 ауыл тиісті талапқа сәйкес болғандықтан аталған жобаның шарапатын көрмек. Біз жоба аясын кеңейту үшін қосымша 14 миллиард теңге сұратып отырмыз”, – деді ол өз сөзінде.

Ал, "Жастар рухы" жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман өскелең ұрпақтың жетілуіне арналған жұмыстарды атап өтті. 

Кездесу соңында кандидаттар мен сенімді өкілдер өзекті мәселелер аясында жастармен пікір алмасып, 19 наурыз күні "AMANAT" партиясын қолдауға шақырды.                                                                         

Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді

Тегтер: сайлау