$ 483.23  534.74  5.12

Жансая Әбдімәлік өзін сынаған Бибісара Асаубаеваға жауап берді

Мен өз елімнің атынан қашан да мақтанышпен және абыроймен ойнаймын.
Фото: ulysmedia.kz
Фото: ulysmedia.kz

Шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желіде пост жариялап, онда Делиде басталған маңызды Гран-при турнирінен Жансая Әбдімәліктің аяқасты кетіп қалғанын жазған болатын. Өз кезегінде Жансая Әбдімәлік бұл қадамға бару себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның сөзіне қарағанда, Үндістандағы турнирде ұйымдастырушылар жасаған жағдайға өзі ғана емес, Асаубаеваны қоса алғанда, әріптестері де риза болмаған. Олар ақылдаса келе, ФИДЕ президенті мен аппарат басшылығына бұған қанағаттанбайтынын білдіріп, ұжымдық хат жазған. Жарысты кейінге қалдыру немесе оны өткізбеу жөнінде ұсыныс жасаған. Айтуынша, хатқа Асаубаеваны қоса алғанда, турнирге қатысушылардың барлығы дерлік қол қойған.

«Мұндай жағдайда ойнай алмайтыным жөнінде ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович пен атқарушы директор Эмиль Сутовскийді жеке өзім хабардар еттім», - деген Ж.Әбдімәлік ұйым басшысының жауап хатын қоса ұсынып, шахматшылар қауіпсіз және дұрыс жағдайда ойнауға лайықты екенін жазды.

«Мен өз елімнің атынан қашан да мақтанышпен және абыроймен ойнаймын. Үндістандағы Олимпиаданы әлі күнге дейін жылы еске аламын. Бірақ Делиде жасалған жағдай шынымен ақылға қонымсыз болды», - дейді ол.

Өз кезегінде, Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович Үндістандағы Гран-при турнирінің қатысушыларынан кешірім сұрады.

ФИДЕ сайтындағы мәліметке қарағанда, Үндістанға келген шахматшылар ұйымдастырушылардың өрескел қателігінен бірқатар қолайсыздыққа тап болған. Соның салдарынан Қазақстан өкілі Жансая Әбдімәлік жарысқа қатысудан бас тартқан. 11 шахматшы қалғандықтан, турнир кестесін қайта жасауға тура келді, дегенмен Гран-при кезеңі өтеді.

Дворкович қалған 11 қатысушыдан кешірім сұрап, барлығына хат жолдаған.

«ФИДЕ сондай-ақ қосымша координатор белгілейді. Ол толығымен қатысушылардың қарамағында болады және кез келген барлық қосымша шығынға өтемақы ұсынады», - делінген ФИДЕ сайтында.

Бұдан бөлек әйелдер турнирін ұйымдастырудың қағидасы мен стандарты қайта қаралып, алдағы іс-шараларды ұйымдастырушылардың біліктілігі арттырылатыны жазылған.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары