$ 481.84  531.33  5.07

Мемлекет басшысы: Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ

Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік.
Фото: tengrinews.kz
Фото: tengrinews.kz

ҚР Парламентінің бірінші сессиясының отырысында Мемлекет басшысы ашық әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру мәселесі қашан да басты басымдық ретінде болып қала беретінін атап өтті. 

«Нақты басымдықтар форматында жұмыс істеу керек. Аса маңызды мәселелерді дереу шешу қажет. Бірақ кейбір мәселені кейінге қалдыруға, ал бірқатары бойынша алдағы шешімдердің тек жобасын белгілеуге тура келеді. Әйтпесе, еңбегіміз зая кетеді және қолда бар ресурстарымызды сарқып аламыз. Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыру керек. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларды өзгерту қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалғанын айтты.

«Монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз. Ірі бизнес біздің жаңа экономикалық парадигмада жаңаша жұмыс істей бастайды әрі міндетті түрде дамиды. Жалпы, ашық әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру басты басымдық болып қала береді», - деді Мемлекет басшысы.

 Мемлекет басшысы сонымен қатар, Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалғанын тағы бір мәрте қайталап айтты. 

«Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалғанан еске салды.

«Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ, Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды», - деді Президент.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары