13.04.2023, 11:20

«Қойылым кезінде театрдың шатыры опырылып түскен»: Асхат Оралов Түркістан облысының мәдениет ошақтарын сынға алды

фото: facebook.com/mcs.govrk
Сахнада шетелден келген қонақтар отырған. Ал актерлерге қонақтардың алдында бұл осылай ойластырылғандай ойын көрсетуге тура келген.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Алматы мен Түркістан облысына жұмыс сапарының нәтижесі бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жиында театрларды қаржыландыру және өңірлердегі мәдениет ғимараттарының жай-күйі сөз болды. Министрдің айтуынша, аталмыш салада шешімін таппаған мәселе жетерлік.

"Жасыратыны жоқ, қордаланған мәселелер бар. Оны жүйелі түрде шешуіміз керек. Кездесуде мәдениет ғимараттарын жөндеуден өткізу мәселесі көтерілді. 

Бірнеше жыл бұрын театрлардың біріне шетелден қонақтар келіпті. Дәл сол сәтте шатырдың бір бөлігі опырылып түскен. Ал актерлерге қонақтардың алдында бұл осылай ойластырылғандай ойын көрсетуге тура келген. Бұл туралы кездесуде театр өнерінің өкілдері айтып берді. Олар өздерінің жанайқайын, сабырлы қалыппен және парасатты түрде жеткізді. Мен осы тұрғыда зиялы қауымға ерекше риза болдым", - деді А.Оралов.

Сондай-ақ, министр жұмыс сапары кезінде көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынатынын атап өтті.

«Өңірлерді аралағанда әр аудан, шалғайдағы ауылдағы ағайынның мәселесін білу үшін барамыз. Алматы мен Түркістан облысына жұмыс сапарында біраз сұрақтар қойылды. Мәселен, Жетісайдағы еліміздегі жалғыз аудандық театрдың жағдайы мәз емес. Жасыратыны жоқ. Еліміздегі мәдениет нысандарының көбі жергілікті әкімдіктерге қарасты. Сондықтан әкімдіктер мәдениет нысандарына дұрыс назар аударып, қордаланған мәселелерін шешу жолдарын ұсыну керек. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Өңірлерге барып келгеннен кейін, жергілікті халық көтерген мәселелерді елордада пысықтап, мұқият зерттейміз.

Алматыға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша биыл музыкалық аспаптар сатып алуға, педагогтерге қосымша төлемдерге және балаларды тегін тамақтандыруға Республикалық эстрада-цирк колледжіне қосымша 68 млн теңге, Күләш Байсейітова атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатына 258 млн теңге, Ахмет Жұбанов атындағы қазақ мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатына 161 млн теңге бөлінетін болды", деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек Түркістан облысының шалғай ауданындағы (Жетісай) Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрына қаржыландыру көлемінің ұлғайғанын, сол секілді шығармашылық ұжымның да гастрольдік сапарларға шыға бастайтынын қадап айтты.