Президент Әкімшілігі Басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2017 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 185-бабы 1, 3-бөлігінде көзделген ("Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету") қылмыстарды жасады деген күдікпен ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері болған Б. Майлыбаев және Н. Галихин ұсталды. 14 қаңтарда Астана қаласы, Есіл аудандық соты 2 ай мерзімге қамауға алу санкциясын берді.
Аталған тұлғалар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ҰҚК Тергеу изоляторына қамауға алынды", - делінген ҰҚК хабарламасында.
Күдіктілердің және олардың туыстарының тұрғылықты жерлері бойынша тінтулер жүргізілді, заттай дәлелдемелер алынды. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр, оның барысы және нәтижелері жөнінде қосымша хабарланатын болады.
Айта кетейік, Бағлан Майлыбаев 1975 жылы дүниеге келген. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып 2011 жылдың қазан айында тағайындалған еді. "Құрмет", "Парасат" ордендерімен, медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс грамотасымен марапатталған, ҚР ҰҒА жас ғалымдар сыйлығының лауреаты.
Ал 12 қаңтарда ол қызметінен босатылған болатын. Сол күні Марат Тәжин Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған еді. "Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылсын", - делінген еді Ақорданың сайтында.