$ 494.87  520.65  4.91

«Самұрық-Қазына» енді өзінің негізгі қызметімен айналысуы қажет — Елбасы

Елбасы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеевті қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Кездесу барысында Ө.Шөкеев Мемлекет басшысына «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобындағы трансформация бағдарламасына әзірлік барысы туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазынаның» отандық экономика акцияларының ірі иеленушісі болып саналатынын атап өтті.

— Барлық мемлекеттік өндірістік компаниялар қордың қарамағында, ал оның міндеті — солардың корпоративтік басқарылуын жақсарту және активтердің құнын арттыру. Өткен жаһандық дағдарыс кезеңінде банктерді қолдау жөнінде елеулі жұмыс атқарылды және қорға олардың акционерлерінің құрамына кіруге тура келді. Бүгінде «Самұрық-Қазына» банк капиталынан шықты, енді ол өндірістік компанияларға инвестиция тарту, жаңа өнім түрлерін игеру, жаңа технологиялар енгізуді қамтитын өзінің негізгі қызметімен айналысуға ден қоюы қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ө.Шөкеев қорды трансформациялау бағдарламасының басымдығы бар төрт бағыты айқындалғанын атап өтті. Олар: корпоративтік басқару; стандарттау және бизнес-үдерістерді оңтайландыру; басқару мен бизнес-шешімдердің бірыңғай ақпараттық жүйесін жасау; барлық компаниялар тобында жұмысты үздіксіз жетілдіру мәдениетін қалыптастыру.

Қазіргі уақытта аталған бағдарламаны әзірлеу жұмысы аяқталуға таяу. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобын трансформациялау бағдарламасын ресми түрде бастап беретін халықаралық форум өткізу жоспарлануда.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары