Ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде арнайы кеңес өткелі отыр. Жиынға премьер-министр, Үкімет мүшелері, Парламент палаталарының спикерлерінен бөлек Президентке тікелей есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары қатысады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, Сенат пен Мәжілістегі парламенттік фракциялар мен комитеттердің жетекшілері, облыстық және аудандық мәслихаттардың төрағалары қатыспақ. Осыған қарап-ақ кейбір сарапшылар аталмыш кеңестің аясы үлкен болатынын айтып отыр.
Белгілі сарапшы, саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, қазір ел үкіметі өте өзекті мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Солардың бірі – санкция мәселесі. Саясаткердің айтуынша, ертеңгі кеңесте қаралатын негізгі мәселе осы тақырып аясында болмақ.
«Қазіргі уақытта елімізге Ресеймен экономикалық жақындығымызға байланысты санкция қаупі төніп тұр. Бұл өте өзекті мәселе. Осыған байланысты ертең ел үкіметінің алдына осы мәселелердің алдын алу шараларын жасау туралы талаптар қойылуы мүмкін», - дейді Дос Көшім.
Ол сонымен қатар дәл қазіргі уақытта инфляция мен қымбатшылықтың да бақылаудан шығып бара жатқанын айтады.
«Әрине, қазір санкция қаупінен бөлек толып жатқан өзекті мәселелер бар. Бұлардың ішіндегі ең өзектісі - инфляция одан кейін қымбатшылық. Алдымен содан шығудың жолдары қарастырылуы мүмкін. Кейбір сарапшылар айтады, "Смайылов үкіметі бір жыл ғана жүмыс істеді ғой" деп. Жоқ бұл баяғыдан келе жатқан, отыз жылға созылған үкіметтің жалғасы. Сол баяғы мамандар, сол басшылар. Айтарлықтай өзгерістер болған жоқ.
Шынын айту керек, Үкіметтің жұмысына айтылар сын өте көп. Бүгінге дейін қаншама жобалар қабылданды. Қыруар қаржы бөлінді, газеттерге жазылды, алаулатып-жалаулатып халыққа жеткізілді. Бірақ солардың бірде бірі аяғына дейін жеткен жоқ. Халыққа пайдасы тиген жоқ. Бұл жобалардың экономикаға әсер еткенін, белгілі бір өзгеріс болғанын көрген жоқпын. Сол себепті бұл жолы да осындай бағыттағы жобаларды, сол сандар сол цифрлар пайыздарды айтып, алдағы уақытта арналған белгілі бір кезең сайынғы мәселелер қойылуы мүмкін.
Соңғы бір жылда Смайыловтың үкіметі не істеді десе мынаны айтар едім. Инфляция 21 пайыздан асып кетті. Соғыс болып жатқан Украинада инфляция көрсеткіші - 26 пайыз ғана. Соғыс жоқ, айдың күннің аманында отырған Қазақстанда 21 пайыз болып отыр.
Үкіметке баға беру үшін тоңазытқышты ашып қарау керек. Қазір сол тоңазытқышқа салып қоятын азық-түліктің бағасы кем дегенде 40 пайызға өсті. Үкіметтің өзі өткен жылы азықтың 26 пайызға өскенін мойындады. Бұл жалпы азық-түлік бағасы. Ал халыққа ең керектілері 30-40 пайызға қымбаттап кетті.
Бұл – бір. Тағы бір айтар кетерлік мәселе бар: машина құрастырсақ та, басқасын жасасақ та, әр өңірде өнеркәсіптер салынып жатыр. Бұлардың барығы да солтүстік пен шығыс өңірде. Неліктен оңтүстік пен батысқа осындай өндіріс орындары салынбайды? Қызылордада шыны зауыты салынып еді, аяқсыз қалды. Отыз жылдың ішінде Қостанай, Қызылжарда біршама өндіріс орындары салынды. Барлық инвестиция сол жаққа бағытталып жатыр. Бір қызығы, жұмыссыздық мәселесі ушығып тұрған оңтүстік өңір ескерусіз қала береді. Үкімет осыны ескермей отыр. Керісінше демографиялық жағынан көш бастап отырған оңтүстік өңірге инвистиция салып, қаржы тарту керек секілді.
Жалпы қателіктер көп. Менің ойымша, мәселе тек қана үкіметте емес. Жалпы қоғам мен саяси жүйеде. Белгілі бір деңгейде өзгерістер жасалмаса, жағдай осылай қала береді. Саяси реформаларды тезірек жасау керек, демократиялық институттарды құру керек. Әділ сайлау жүйесі қалыптасуы тиіс. Осылардың барлығы да экономикаға тікелей әсер етеді. Ертеңгі жиында осы мәселелер қозғалады деп ойлаймын», - дейді сарапшы.