$ 498.34  519.72  4.85

Тоқаев әлемдік шахмат элитасының өкілдерін қабылдады

Мемлекет басшысы Қазақстанда шахматты дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты.
Фото: t.me/aqorda_resmi
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы әлемдік шахмат элитасының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев классикалық шахмат бойынша әлем чемпионы атағы үшін сайысқа түскен Ян Непомнящий мен Дин Лижэньді, сондай-ақ Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичті қабылдады.

Мемлекет басшысы қонақтарға ілтипат білдіре отырып, ФИДЕ аясындағы әйгілі спортшылар қатысқан ең беделді турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

" Мен, ең алдымен, Дин Лижэнь мырзаны  тартысты өткен сайыста әлем чемпионы атағын жеңіп алуымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ гроссмейстер Ян Непомнящийге көрсеткен шеберлігі үшін құрметімді білдіремін. Әлемнің бүкіл шахмат қоғамдастығы турнирге назар аударды.  Шахмат жанкүйерлері шаршы тақтадағы ойынды жіті бақылады. Турнир сәтті өтті деп есептеймін", – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда шахматты дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты.

"Бүгінде елімізде 200 мыңнан аса адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Республикасы Шахмат Федерациясының көмегімен және ФИДЕ-нің атсалуымен бұл көрсеткіш кемінде екі есе артуға тиіс. Қазақстанда шахмат тиісті деңгейде дамиды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында Президент шахматшылардың биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді. Сондай-ақ ФИДЕ-мен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру маңызды екенін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары