17.05.2023, 18:00

Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен өзара сауда-саттықты 40 млрд долларға жеткізуді ұсынды.

Бүгін Бейжіңде Қазақстан мен Қытай басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізді, деп  хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен өзара сауда-саттықты 40 млрд долларға жеткізуді ұсынды.

«Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 млрд долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік», - деді Қ.Тоқаев.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады.

«Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет», – деді ҚХР Төрағасы.

Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Еске салайық, бүгін ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапармен барды.

Сапар аясында Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.

Президент 18 мамырда Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі және мемлекеттік сапар аясында бірқатар шара өткізеді, сондай-ақ Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысады.

Мемлекет басшысы 19 мамырда «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады. Сонымен қатар Президент еліміздің Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты түрде ашылу рәсіміне қатысады деп жоспарланып отыр.