Үш жаңа облыстың құрылуына байланысты еліміздің жаңа картасы әзірленді, деп хабарлады turkystan.kz.
Жаңа картаның жұмысымен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов таныстырды.
«Былтыр Президенттің Жарлығымен үш жаңа облыс – Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылды. Осыған орай, Үкімет іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Ондағы тармақтардың бірі – Қазақстан Республикасының саяси картасын және жаңа облыстардың тақырыптық картасын өзектендіру болды», – деді Әсет Тұрысов.
Оның айтуынша, министрлік қызметкерлері үлкен жұмыс атқарып, 1:1 500 000 масштабымен Қазақстанның әкімшілік-саяси картасын жасап шығарды.
«Сондай-ақ Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының картасы жаңартылды және 1 млн масштабпен Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының карталары әзірленді. Бұған қоса, 1:25 000 масштабпен Қарағанды, Семей, Өскемен, ал 1:10 000 масштабпен Қонаев, Жезқазған, Талдықорған қалаларының жоспар-сызбасы жаңартылды және жасалды», – деді ол.