$ 494.87  520.65  4.91

Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру аса маңызды - Президент

Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді.
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Қытайдың тарихы Ұлы Жібек жолы арқылы тығыз байланысып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі саммит көне Сиань қаласында өтуде. Мұның зор символдық мәні бар. Өйткені, Ұлы Жібек жолы осы жерден бастау алған. Біздің елдеріміздің өткен тарихы, бүгіні және болашағы осы жол арқылы тығыз байланысып жатыр.

Сиань – Қытайдың бай тарихи-мәдени мұрасын, сонымен қатар, кемелденген күш-қуатын әйгілеп тұрған қала. Қытай – әлемдегі аса ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан, Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді.

Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру аса маңызды. Бұл қадам көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін берері сөзсіз. Біздің еліміз осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын», - деді Президент.

Ол екі елдің ортақ мүддесіне сай келетін ынтымақтастығымыздың маңызды бағыттарына тоқталды.

«Бірінші, тауар айналымын арттыруымыз керек. Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келе жатқанын да атап өтті. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жеткен. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі.

«Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар», - деді Президент.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары