$ 498.34  519.72  4.85

Антикор қандай компаниялардың жемқорлық әрекеттерін әшкереледі?

Мемлекет басшысының айтуынша, тергеу жұмыстарының нәтижесінде Агенттік құны 108 миллиард теңге көлеміндегі шығынды қайтара алды.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген шараларды толық жүзеге асыру керек. Жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы, әсіресе, халқымыздың әл-ауқатына тікелей әсер ететін салалардағы жемқорлықты анықтау және оның жолын кесу жөніндегі қатаң тәсілді жалғастырған жөн. 

Президент жемқорлыққа итермелейтін жүйелі себептер мен жағдайларды жою маңызды екеніне назар аударды. Оның айтуынша, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу керек. Мемлекет басшысының айтуынша, тергеу жұмыстарының нәтижесінде Агенттік құны 108 миллиард теңге көлеміндегі шығынды қайтара алды. Бұл – оң нәтиже. Бірақ сонымен қатар бұл өткен кезеңдерде жемқорлық қаншалықты белең алғанын көрсетеді. 

«Жемқорлықтың барлық түрімен ымырасыз күрес – мемлекетіміздің одан әрі дамуының басымдығы. Парақорлық, тамыр-таныстық, қоңырау шалу арқылы мәселе шешу және тағы басқа келеңсіздіктер жылдар бойы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне селкеу түсіргенін білесіздер. Осы орайда халықтың әділдікке деген үміті азая бастады. Сондықтан менің сайлау алдында берген уәделерімнің бірі жемқорлықты түбірімен жойғанша ымырасыз күрес жүргізу болды. Бұл істе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шешуші рөл атқарады. 2019 жылы маусымда құрылған сәттен бері аталған орган көптеген жұмыс атқарды. Оны мойындау керек. Жемқорлыққа қарсы күрес шараларының жүйесі белсенді дами бастады. Атап айтқанда, жаңа құқықтық институттар, өзіне бағынышты қызметкерлердің жемқорлық қылмысы үшін саяси және мемлекеттік тұлғалардың қызметтен кетуі, адалдыққа тексеріс, нормативтік-құқықтық актілерге жемқорлыққа қарсы жүргізілетін сараптама және тағы да басқа бастамалар осы санатқа кіреді. Олардың алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Семей орманы» табиғи резерватының басшылары жемқорлық үшін сотталды
Мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға және кәсіпкерлерден жүйелі негізде 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін пара алуға кінәлі деп танылды. Олар заңсыз сыйақыны лауазымды тұлғаларға резерват аумағында санитарлық тазалау мен ағаш кесуге рұқсат бергені, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойғаны, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін берді. Резерваттың үш басшысы 10 жылға сотталды, ал бес пара беруші пара бергені үшін кінәлі деп танылып, бір жарым жылдан үш жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Қазселденқорғау ісі бойынша тергеу
 Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Олар орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жалпы сомасы 396 млн теңгеге ірі және аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін айыпталды.

Антикор Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтар туралы тергеуді аяқтады 
Антикоррупциялық қызмет Астана қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қатарынан ұйымдастырылған топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Қылмыстық іс «Web-Модуль» және «ИИС ЦОН» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау фактілері бойынша тергелді. 
Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында заңнамада қарастырылған алымдар мен төлемдерді төлеместен шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеді. Осыған байланысты мемлекетке 1,4 млрд теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілді.

Кәсіпкерлер мен мемлекеттік аудиттің лауазымды тұлғасы сотталды
Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының №2 сотында «Евраскон» ААҚ (Әзірбайжан Республикасы) компаниясының өкілдері З. Исмиевке, Г. Гадировқа және «Аймереке» ЖШС директоры А. Байкенжеге қатысты істі қарау аяқталды. Олар мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындыларын қайта қарағаны үшін Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің лауазымды тұлғаларына пара берді деп күдіктенді. Осы жылғы 27 наурыздағы сот үкімімен аталған адамдар пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары