05.06.2023, 12:20

«Күллі әлем қазақ елін көк байрағына қарап таниды»: Президент Ту көтеру рәсіміне қатысты

Фото: Ақорда
Президент қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, ел үшін Тәуелсіздік ең қымбат құндылық екенін атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысып, жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шен тапсырды, деп хабалайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, ел үшін Тәуелсіздік ең қымбат құндылық екенін атап өтті.

«Мемлекеттік рәміздер – егемендік пен елдіктің ең басты белгісі. Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – күллі халқымызға қастерлі нышандар. Біз үшін Тәуелсіздік – ең қымбат құндылық, ал туымыздың асқақ желбірегені – аса биік мәртебе.

Батыр бабаларымыз сын сағатта әрдайым бір тудың астында жиналған. Бөрілі байрақ күллі түркі жұртын біріктірген. Абылай ханның ақ туы бүкіл қазақтың басын қосқан. Алаш туы арыстарымыздың жігерін жанып, намысын қайраған. Біз бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келеміз.

Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны ғарышкерлеріміз көк жүзіне көтерді. Альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшылар жеңіс тұғырынан желбіретіп, әнұранымызды шырқатты. Күллі әлем қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты рәсім барысында жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.

«Біз қазір еліміздегі ең биік байрақтың түбінде тұрмыз. Жыл сайын осы жерде жас офицерлерге әскери шен табыстау жақсы дәстүрге айналды. Осындай шаралар Отан күзетінде тұрған жастарымызға жігер береді. Оларға зор жауапкершілік жүктейді.

Бабаларымыз «Туың жығылмасын» деген баталы сөз қалдырған. Рәміздерімізді қорғап, қадірлеу, көздің қарашығындай сақтау – бәрімізге ортақ аманат. Сіздер халқымызға адал қызмет етесіздер деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.