$ 449.3  489.69  4.89

«Астана халқының тең жартысы көшеде баклажка ұстап, су іздеп жүр» – депутат

Жылу мен судың жетіспейтінін біле тұра, құрылыс компанияларына жаппай жер беріп, үй салуына қай әкім рұқсат берді, оның қандай ниеті болды?
Фото: Stan.kz
Фото: Stan.kz

Мәжілістегі үкімет сағатында депутат Нартай Сәрсенғалиев елордадағы су тапшылығы мәселесін қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат 24 сәуірде Астана әкімінің атына су мәселесі бойынша хат жазған. Айтуынша, жауап әлі келген жоқ.

"Қазір баршаңыз білесіз, Астана халқының тең жартысы көшеде баклажка ұстап, су іздеп, қаңғып жүрген жайы бар. Өйткені жарты жылға жуықтады – Астанада үйлерде су жоқ. Мінекей, соңғы бір-екі тәуліктің көлемінде санаулы сағатқа ғана берілгені болмаса, халық мүлде сусыз отыр. Мұның себебін сұрағанымызда, Астана әкімдігі "сорғы-сүзгі станциясының үшіншісін саламыз, 2023 жылдың соңында ол толық іске қосылады, сол кезде су тапшылығы шешіледі" деді. Бұл нақты ма, жоқ па деген сауалымызға сол күйі жауап берген жоқ", - дейді Сәрсенғалиев мәжілістегі үкімет сағатында.

Астана әкімдігінің ақпаратынша, аталған сүзгі-сорғы станциясы судың өндірістік-қуаттылық тапшылығын 2026 жылға дейін ғана шешеді.

"Демек, 2026 жылы бас қаланың тұрғындары тағы да су іздеп жүруге мәжбүр бола ма?", - деп ашынды мәжілісмен.

Сондай-ақ ол елордадағы жылу тапшылығы мәселесін де көтерді.

"Алдыңғы хатыма келген жауапта Астана қаласының әкімдігі қазір қалада 403,9 гигакалория жылу энергиясы жетіспейді, бұл ауа температурасы минус 23 градустан төмендегенде, қалада жылу тапшылығы болады деді. Демек енді су жетпегендей, жұрт жылусыз да қала ма? Бұл мәселе қалай шешіледі? Жылу мен судың жетіспейтінін біле тұра, құрылыс компанияларына жаппай жер беріп, үй салуына қай әкім рұқсат берді, оның қандай ниеті болды? Осының анық-қанығын білгіміз келеді", - деп сұрады депутат Астана әкімдігінің өкілінен.

Үкімет сағатына онлайн қатысқан қала әкімдігінің өкілі су мәселесі жаздың соңына дейін шешілетінін айтты.

"Су бойынша шілде айының соңында біз үшінші сорғы-сүзгі станциясын бітіреміз, іске қосамыз. Ал басқа сұрақтарға ресми түрде ақпарат береміз", - деп қысқа қайырды әкімдік өкілі.

Еске салсақ, биыл 28 наурыздан бастап елордада суды үнемдеу шаралары енгізілді. Осыған байланысты "Астана су арнасы" кәсіпорны су қысымын реттеу кестесін жариялады – белгілі бір уақытта тұрғын үйлерде су қысымы төмендейді және жоғарылайды. Су қысымын реттеу шаралары жаңа су сорғылау-сүзгілеу станциясы іске қосылғанға дейін атқарылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары