Астана қаласының салынуы – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды. Бұл туралы Астананың бауырлас қалалары форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Skifnews ақпарат порталы.
Бүгін бауырлас қалалардың басшылары осы форумда бас қосып отыр. Әлемнің әр түкпірінен арнайы келген мәртебелі меймандар бар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздермен Астана қаласында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Биыл біздің елордамызға 25 жыл толып отыр. Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті тұрғындары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент осы қайраткерлер Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалысқанын, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосқанын айтты.
Мен баршаңызға шынайы алғыс айтамын. Шын мәнінде, Астана қаласының салынуы – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды, - деді Мемлекет басшысы.
Президент елорданы көшіру оңай болмағанын атап өтті.
Өздеріңізге мәлім, елорданы көшіру оңай болған жоқ, қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді.Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды, - деді Тоқаев.