$ 495.2  522.34  4.94

Тоқаев: ЕҚЫҰ – баламасы жоқ ұйым

Еліміздің ЕҚЫҰ-мен тығыз ынтымақтастығы, 2010 жылғы Астана саммитінің декларациясында бекітілгендей, қауіпсіз қоғамдастық құру туралы ортақ көзқарасқа негізделеді
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Солтүстік Македония Республикасының Сыртқы істер министрі Буяр Османиді қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Президент Буяр Османиге ілтипат білдіре отырып, оның ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Қазақстанға сапары маңызды екенін атап өтті.

Сіздің сапарыңыздың біз үшін маңызы зор. Мен еліміздің осы ұйымға мүше сенімді мемлекет ретінде ЕҚЫҰ-ны қолдайтынын айрықша атап өткім келеді. Ұйымдағы пікірлер қайшылығына қарамастан, ЕҚЫҰ – баламасы жоқ  ұйым. Сондықтан біз оның әлеуетіне қолдау білдіруге күш салуымыз керек. 2025 жылы Хельсинки қорытынды актісінің 50 жылдығын атап өту аясында ЕҚЫҰ-ның өзара диалогқа арналған бірегей платформа ретінде қызмететуін жалғастыруына қамтамасыз ету өте маңызды. Еліміздің ЕҚЫҰ-мен тығыз ынтымақтастығы, 2010 жылғы Астана саммитінің декларациясында бекітілгендей, қауіпсіз қоғамдастық құру туралы ортақ көзқарасқа негізделеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы қарым-қатынасты нығайту перспективаларына айрықша тоқталды.

– Екіжақты қарым-қатынасымызда ешқандай мәселе жоқ. Біз ынтымақтастығымызды кеңейту тұрғысынан елеулі нәтижеге жеттік. Еліңізді Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз және біз Скопьеде өз елшілігімізді ашу жөнінде шешім қабылдадық, – деді Президент.

Өз кезегінде Буяр Османи ЕҚЫҰ-ның Қазақстанмен және Орталық Азия өңірімен өзара байланысты дамытуға зор маңыз артып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ саммиті Қазақстанның осы ұйым қызметінің негізгі бағыттарын қолдаудағы белсенді рөлін көрсетті.

Солтүстік Македонияның ұйым төрағасы ретіндегі ұраны – «Барлығы адамдар үшін». Бұл біздің адамға бағдарланған ұстанымымызды білдіреді. Сіздің реформалар бағдарламаңыз да адамдарға арналған әрі ол ЕҚЫҰ-ның қағидаттары мен міндеттемелерімен ғана емес, біздің ұйым төрағалығындағы басымдықтарымызбен де үндес. Сонымен қатар біз Қазақстанның өңірлік, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өткізіміз келеді, – деді министр.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Солтүстік Македония Президенті Стево Пендаровскийге ізгі тілегін жолдап, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары