24.08.2023, 16:40

Тоқаев 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынды

Фото: Ақорда
Климаттың өзгеруі жаһандық ауқымдағы теріс салдарға әкеліп соғатыны баршамызға мәлім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15-ші БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстан Президенті БРИКС саммитінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөліне тоқталды. Бұдан бөлек соңғы кездері жиілеп кеткен табиғи апаттарды тілге тиек етті.

Климаттың өзгеруі жаһандық ауқымдағы теріс салдарға әкеліп соғатыны баршамызға мәлім. Соңғы бірнеше жылда Жаһандық Оңтүстік және Орталық Азия елдерінде өте қатты қуаншылық белең алып, басқа да табиғат апаттар жиілеп кетті. Осыған орай Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынып, осы өзекті проблеманы шешу жолындағы ортақ күш-жігерді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. ШЫҰ-ның Экология жылын өткізу жөніндегі іс-қимыл жоспары – уақтылы көтерілген бастама. Бұл бастама БРИКС-ке мүше мемлекеттер тарапынан да қолдау табады деп үміттенемін, - деді Президент.

Сондай-ақ Қазақстанның қатысушы мемлекет ретінде БРИКС әлеуетін арттыруға үлес қосқысы келетінін, жаһандық қауіпсіздікті, орнықты дамуды және инклюзивтілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұжымдық күш-жігерді арттыру қажет екеніне сенімділігін жеткізді.