ҚР мен ӨР арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысына қатысу үшін Ташкент қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстардың барлық спектрі бойынша елдер арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
«Қазақстан Өзбекстанның Орталық Азия өңіріндегі ең ірі стратегиялық сауда серіктесі болып табылады», - деді екі ел арасындағы өзара іс-қимыл экономикалық ынтымақтастықты дамытудың сапалы жаңа кезеңіне аяқ басқанын айтып өткен Президент Ш. Мирзиёев.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанмен ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлетінін баса айтты.
Кездесу барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары өзбек әріптестерімен жұмыс жүйелі негізде жүргізіліп жатқанын айтты. Негізгі салаларда бірлескен сауда үйлері құрылған: агроөнеркәсіптік кешен, химия және мұнай химиясы өнеркәсібі, өзара жеткізілімдердің тізімдемесі ұлғайды.
Автомобиль құрастыру, туризм, мұнай химиясы сияқты ынтымақтастықтың жаңа салалары анықталды. Бірқатар инфрақұрылымдық жобалар бойынша нақты келісімдер бар, оның ішінде автобус және әуе қатынасын ашу – Астана-Ташкент бағдары бойынша аптасына 6 ретке дейін ұлғайту. Таяу арада Алматы-Ташкент жылдам теміржол қатынасы іске қосылады. ҚР мен ӨР арасында әскери және әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты реттеу туралы келісімге қол жеткізілді.
Белсенді өңіраралық ынтымақтастықтың бастауына серпін берілді, және Қазақстан мен Өзбекстан облыстары делегацияларының бірқатар өзара сапарлары өтті.
2016 жылы ҚР мен ӨР арасындағы сауда айналымы көлемі 1,6 млрд. астам АҚШ долл. құрады. Ақшалай мәнде өзара сауда көлемі шамамен 40% артты. 2020 жылға қарай аталған көрсеткішті 1,6-дан 5 млрд. АҚШ долл. дейін жеткізу міндеті қойылған.
Кездесу соңында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Асқар Маминді Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы жан-жақты өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін, теміржол көлігі саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін, сонымен қатар Орталық Азия өңіріндегі өңіраралық көлік дәліздерінің ірі жобаларын іске асыруға белсенді атсалысқаны үшін «Дустлик» орденімен салтанатты түрде марапаттау рәсімін жүргізді.
Өзбекстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматовпен кездесуде Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёевтің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік жұмыс сапары қарсаңында Үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысының маңыздылығы туралы айтылды.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, транзит және т.б. салалардағы байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Тараптар өңірлердің экономикалық ынтымақтастығында басты назар өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мен ортақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға аударылуы керектігін айтты.
«Біз Қазақстанмен бірлескен жобаларды іске асыруда белсенді ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Өңіраралық ынтымақтастықты дамыту сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-әрекетті жандандыруға септігін тигізері сөзсіз», - деді А. Раматов.
Ташкентке жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Асқар Мамин Комиссияның 16-шы отырысына қатысып, сөз сөйледі.
Комиссия отырысының жұмысына Қазақстан мен Өзбекстанның үкіметтік делегациялары қатысты.
Комиссия отырысы барысында энергетика, кеден, мұнайгаз салаларындағы, көлік және транзит, туризм, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері, сонымен қатар әскери және әскери-техникалық саладағы өзара іс-қимыл мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.
ҚР және ӨР арасындағы екіжақты ынтымақтастық бойынша Бірлескен үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша ҮАК тең төрағалары Асқар Мамин мен Ачилбай Раматов тиісті Хаттамаға қол қойды.
Дереккөз: primeminister.kz