$ 498.34  519.72  4.85

Қазақстан - Қатар тауар айналымы 500 миллион долларға дейін артады

Бұдан бөлек, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы қазір қазақ-қатар қарым-қатынастары кейінгі 30 жылда ең жақсы кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтіп, Қатар Әмірінің Астанаға жасаған мемлекеттік сапарын еске салды, деп хабарлайды  Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Президенттің айтуынша, елдеріміз арасында тығыз саяси диалог, кеңейіп келе жатқан экономикалық серіктестік және табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасқан. Екі ел арасында соңғы үш жылда қол қойылған келісімдер әртүрлі саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарды жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. Президент Қазақстанның Қатар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды.

Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл аймақтағы экономикалық белсенділікті ынталандыруға ықпал етеді. 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырған еліміз қазір бидай мен ұн өндіру бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз бар екеніне назар аударды.

Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы 2025 жылы екі ел астаналарында Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар мәдени мұрасы бай халықтарымызды жақындата түсетініне сенім білдірді.

Бұдан бөлек, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары