«Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін шешу қоғамның барлық деңгейінде бірлескен күш-жігерді қажет етеді», - деді депутат.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Құжат Мемлекет басшысының жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру үшін депутаттардың бастамасымен әзірленді.
Заң жобасын құжат авторларының бірі, депутат Жұлдыз Сүлейменова таныстырды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен іліспе құжатқа бірқатар норма енгізіледі.
«Жаңа редакцияда педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды. Кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылды», - деді депутат.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Әйелі мен баласын ұрғандар 8 жылға сотталуы мүмкін
Азаптауға байланысты жаңа норма жаңа құрамда қарастырылды. Жаңа редакцияда азаптау үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ескерілді.
Оның айтуынша, суицидтің алдын алу мақсатында Қылмыстық Кодексте жаңа 2 құрам бойынша норма енгізілді. Бұл тұрғыда суицидке итермелеу және суицидті насихаттағаны үшін жаза ұсынылды. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілік белгілеу қарастырылды.
«Басты назар аударуға тиіс мәселе - жаңа Заң шаңырақты шайқалтуға емес, отбасын нығайтуға бағытталған. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін шешу қоғамның барлық деңгейінде бірлескен күш-жігерді қажет етеді», - деді депутат.