26.02.2024, 15:40

Тоқаев Ердоғанды 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады

Фото: Ақорда

Сонымен қатар тараптар Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы кезіндегі күн тәртібінің жүзеге асырылу барысын талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ақорданың мәлімдеуінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар Түркия президентінің көреген саясаты мен қажырлы еңбегінің арқасында бауырлас елдің одан әрі қарқынды дамып, халықаралық қоғамдастықтағы беделі арта түсетініне сенім білдірді.

Әңгімелесу барысында екі ел басшылары сауда-экономика және инвестиция салаларындағы серіктестікті кеңейтуге баса мән бере отырып, Қазақстан мен Түркия арасындағы жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты өркендету мәселесі жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар тараптар Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы кезіндегі күн тәртібінің жүзеге асырылу барысын талқылады.