Министрдің айтуынша, енді ректорларды тағайындау ережесі өзгереді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университет ректорларының мерзіміне қатысты жаңа ереже енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тілшілер министрден кейбір жоғары оқу орындарының ректорлары ұзақ уақыт басқарып келе жатқанын айтып, сұрақ қойды.
Мәселен, Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университетінің ректоры болғанына биыл 13 толады екен. Бұл мерзім тым ұзақ емес пе? - деп сұрады БАҚ өкілі министрден.
Министрдің айтуынша, енді ректорларды тағайындау ережесі өзгереді.
Біздегі ұлттық университеттер ректорларының мерзімін үш жылға базалық келісімшарт бойынша ұзарту мүмкіндігі бар. Иә, 13 жыл мерзім ұзақ. Сол себепті қазір ректорларды тағайындау ережелерін пысықтап жатырмыз. 14-15 наурызда арнайы республикалық комиссияның отырысы өтеді. Сол жерде жаңа қағидаттар қабылданады, - деп жауап берді ведомство басшысы.
Жаңа ереже бекітілген жағдайда ректорлар лауазымында екі мерзім ғана отырады.
Кейінгі 10 жылда министрлік арнайы академиялық автономия принциптеріне көшіп жатыр. Бұрынғыдай министрдің тікелей ректорды тағайындап, оны үстінен бақылап отыруы қағидаларынан бас тарттық. Қазір шетелдік форматқа көшіп жатырмыз. Енді ректорлармен директорлар кеңесі немесе қамқоршы кеңесі арқылы жұмыс істейміз, - деді ол.