13.04.2024, 23:30

«Кешірім болмайды!»: Нүкенованың туыстары Байжановтан шындықты ести алмағанын айтты

Фото: Жоғарғы Сот

Сондай-ақ бүгін Еуропаның 8 қаласында «Салтанат үшін» деген ұранмен бейбіт митингтер өтті.

Бұдан бұрын Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов «Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжанов шындықты айтқан жағдайда кешіреміз» деген болатын. Бірақ Байжановтың берген жауаптары ойын өзгертуге себеп болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл жайында Самал Нүкенова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Кешірім болмайды!» деген тақырыппен арнайы жазба жариялады.  

Біздің отбасымыз Байжановты кешірмейді. Аянышты сөздердің артынан шындықты көрмедік! Оның спектакльді қалай керемет ойнағанын барлығы байқады деп үміттенемін (жанжал, қарғыс және т.б.). Бірақ осы шоудың артында ол (Бишімбаев - еск.) нұсқасын толық қолдайды. Азаптауды растайды, ол үшін (Бишімбаевқа - еск.) ең көбі 2 жыл беріледі. Бірақ асқан қатыгездікпен кісі өлтірілгенін растамайды, ал бұл ұзақ жыл бойы немесе өмір бойы түрмеге тоғытуы мүмкін аса ауыр қылмыс! Байжанов көлікті неге паркингке апарғандарын, неге денені көрпемен орағандарын ашып айтқан жоқ. Оларға скотч неге қажет болғанын, заттай дәлелдемелер қайда екенін айтпады. Нашатыр қайда кетті? Егер олар ояту үшін бір бөтелке пайдаланса және ол оянбаса, бұл жайт біртүрлі көрінбеді ме? Аяқкиім мен штативте иістер мен іздер жоқ (бірақ біз нашатыр иістер мен іздерді жақсы кетіретінін білеміз). Гастроцентр ауданын қоршап алған МКҚ қызметкерлері оларға қалай кедергі келтіргені туралы да айтқан жоқ! - деп жазды Самал Нүкенова.

Сондай-ақ Самал Нүкенова Байжановтың жауабындағы сәйкессіздіктерге назар аудартты:

Ол біресе Салтаның соққыға жығылғанын көрген жоқпын дейді, ал телефонды қаланың ішінде алып жүруінің себебін айтқанда Айтым келіп Салтаның соққыға жығылғанын көріп қояды ма деп қорықтым дейді. Осындай сәйкессіздіктер өте көп. Оның жауапқа тартылу сәтін қайта қарап көріңіздер, - деді Самал Нүкенова оқырмандарына.

Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Нүкенов Байжанов тек ағасының кесірінен тергеліп жатқанын айтқан еді.

Ол бес ай бойы тергеліп жатқаны үшін ағасына «көп рахмет» айтуы керек. Оның балалары барын білеміз. Әйелі, әке-шешесі бар. Әке-шешесімен кездестік. Өте жақсы отбасы. Маған солай көрінді. Байжанов Бишімбаев сияқты емес – ол бәрін соның ықпалымен істеген. Ол сотта шын жауап берсе, біз де адамбыз ғой – кешіруге дайынбыз, - деген болатын.

Сонымен бірге бүгін Нүкеновтар отбасын қолдау мақсатында Еуропаның 8 қаласында «Салтанат үшін» деген ұранмен бейбіт митингтер өтті. Бейбіт шеру  Миланда, Римде, Флоренцияда, Болоньяда, Туринде, Мюнхенде, Лондонда және Парижде өтті.