$ 494.87  520.65  4.91

Тоқаев: Әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітіледі

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету басты міндет екенін атап өтті.

Фото: aqorda.kz
Фото: aqorda.kz

Мемлекет басшысы Қостанай облысында эвакуацияланған тұрғындармен жүздесу барысында су тасқынының салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітілетінін атап өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өз кезегінде тұрғындар су тасқынының зардаптарын жоюға жедел көмек көрсетіліп, құтқару жұмыстарының уақытылы жүргізілгені үшін алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл апат халықтың бірлігін айқын көрсетті.

Табиғат апатының алғашқы күндерінен бастап еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, жалпы жанашыр адамдардың барлығы жан-жақты көмек көрсетуге ұмтылған.

Мемлекет басшысы жергілікті тұрғындармен жүздесуде суды игілікке жарату, тіл мәселесі және киіктер популяциясын сақтау туралы пікір білдірді. Сондай-ақ  келесі жылы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған іс-шараға қатысу үшін Арқалық қаласына арнайы баруды жоспарлап отырғанын айтты.

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы су тасқыны салдарын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен жүздесті.

Кездесуге өңірдегі машина жасау, тау-кен, тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі салаларының жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өкілдері, облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілері және студенттер қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету басты міндет екенін атап өтті.

Осы кездесуге біраз меценат қатысып отыр. Мен сіздерге ризашылығымды білдіремін. Бұл – сіздердің жүрек қалауларыңыз, азаматтық жауапкершіліктеріңіздің көрінісі. Мұның бәрін марапат үшін емес, шынайы ниетпен жасалған игі іс деп білемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.

Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент еріктілерге зор құрметпен қарайтынын және жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтіп, оларға ризашылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан күрделі жағдайға бей-жай қарамай, сын сағатта азаматтық белсенділік танытқаны үшін кәсіпкерлер мен еріктілерге алғыс айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары