Мәжіліс депутаттары «Жол жүрісі туралы» заңға жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутат Екатерина Смышляева таныстырған Заң жобасына төмендегідей өзгерістер енгізілмек:
- Негізгі заң жобасына көлік құралдарының орташа және максималды жылдамдығы ұғымдары енгізілген. Бұл түзетулер сертификацияланған арнайы бақылау-өлшеу құралдары мен құрылғылары орнатылатын жолдың барлық учаскесінде жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге, сондай-ақ жылдамдықты шектен асырып жіберуге байланысты апаттар санын азайтуға бағытталған.
- «Орташа жылдамдық» көрсетілген құрылғылар мен құралдар арқылы жолдардың түзу учаскелерінде және айналма жолдары жоқ қала сыртында автоматты түрде есептеледі. Сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске көлік құралдарында белгіленген жылдамдықты 60 және одан да көп км/сағ асырғаны үшін 40 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі қатаң әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
- Заң жобасы қабылданғаннан кейін жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып машина жүргізген, оның ішінде алкоголь немесе есірткі қолданған мас күйінде жауапкершілікке тартылған тұлғалар 7 жылға дейін емтихан тапсыруға жіберілмейді.
- Қазіргі таңда олар әкімшілік жазаны өтеп, емтиханды оңай тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алады. Осыған ұқсас айыптар бойынша жауапқа тартылған жүргізушілер 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.
- Бұдан былай азаматтар мопедтерді басқару үшін уәкілетті органда міндетті тіркеуден өтеді.
- Сонымен қатар мопед жүргізушілері "А1" санатындағы жүргізуші куәлігін алып, жыл сайынғы техникалық байқаудан да өтуге тиіс.
- Негізгі заң жобасына сәйкес, мопед жүргізушілері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Бұл норма мас күйде мопед қолданған жүргізушілер санын, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен жарақат алуды азайтуға бағытталған. Бұдан басқа мопед жүргізушілері толық жол қозғалысына қатысушыларға теңестіру ұсынылып отыр.
Сонымен қатар көлік құралдары жүргізушілері азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет. Жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін анықтау өкілеттігі беріледі.