$ 494.87  520.65  4.91

Бірқатар Төтенше және өкілетті елшілер Елбасына сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Президентіне Төтенше және өкілетті елшілер - Малайзиядан Хидайат Абдул Хамид, Эстония Республикасынан Яан Рейнхольд, Ливиядан Салим Абдурахман әл-Суейти, Иран Ислам Республикасынан Можтаба Дамирчилу, Тәжікстаннан Назирмад Ализода, Канададан Шон Стайл — сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді біздің елдегі дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысы Қазақстан Тәжікстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

— Тәжік экономикасына салынған қазақстандық инвестициялар бүгінде 125 миллион доллардан асты. Бұл елде казақ капиталының қатысуымен 40 шақты кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан, өзара сауда көлемін ұлғайтып, ынтымақтастық аясын кеңейтуге күш салу қажет. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс, жеңіл және тамақ өнеркәсібіндегі екіжақты жобаларды іске асыруға мүдделіміз, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміздің Иранмен саяси-экономикалық байланыстары жылдан жылға нығайып келе жатқандығына тоқтала отырып, келесі айда Президент Хасан Руханидың Қазақстанға тұңғыш ресми сапарын күтіп отырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы дипломаттардың жаңа қызметтеріндегі белсенді жұмыстары өзара тиімді жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

— Қазақстан экономикадағы жағдайды ұдайы жақсарту арқылы шетелдік серіктестерге кең ауқымды мүмкіндіктер ашуда. Жақсы макроэкономикалық көрсеткіштер, 100 миллиард доллардан асатын халықаралық резервтер, заңдарымыздың тұрақтылығы, ел ішіндегі саяси орнықтылық сенімді жұмыс істеуге негіз қалайды. Сол үшін біз ықшам Үкімет жасақтап, басқару тиімділігі мен бизнес-ортаны жақсартудамыз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары