Азия чемпионатының финалына шыққан қазақстандық 5 боксшы қыздың бесеуі де алтын жүлде еншіледі.
Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақстан құрамасының әйелдер құрамы Азия чемпионатында бес алтын медаль жеңіп алды. Финалға шыққан бес боксшымыз да жеңіске жетіп, алтыннан алқа тақты. Виктория Графеева 60 келіге дейінгі салмақта қытайлық боксшыдан басым түссе, Аида Әбікеева 63 келіде вьетнамдық былғары қолғап шеберін қапы қалдырды. Сондай-ақ Наталья Богданова (67 келіге дейін) мен Гүлсая Ержан да (81 келіге дейін) қарсыластарынан басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Елдана Тәліпова 81 келіден жоғары салмақта өзбекстандық боксшы Сатыбоодиевадан басым түсті. Осылайша, финалға шыққан бес боксшымыздың бесеуі де Азия чемпионы атанды.