13.08.2014, 08:20

Елбасы Қорғаныс министрі Серік Ахметовті қабылдады

Сурет: akorda.kz

Кездесу барысында С. Ахметов Қарулы Күштерді ұдайы жауынгерлік дайындықта ұстау жөніндегі жүйелі жұмыстар туралы баяндады, әскерлердің жауынгерлік шеберлігін арттыру, армияны қару-жарақтың заманауи үлгілерімен және әскери техникалармен жабдықтау мақсатында өткізілген ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ақорда баспасөз қызметінің хабаралауынша, Мемлекет басшысы елдің қорғаныс өнеркәсібі кешенін әрі қарай дамытудың маңыздылығына және жетекші халықаралық өндірушілермен әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайтудың қажеттілігіне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев оқ-дәрілерді қазақстандық кәсіпорындарда өндіру, сондай-ақ қару-жарақтар мен әскери техникалар жеткізетін сенімді көздерді анықтау мәселелеріне мән берді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті министрлік қызметінің аспектілерін ықшам Үкімет құру және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі міндеттерді ескере отырып қарастыруды тапсырды.

Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.