«Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев Ana tili газетіне берген сұхбатында экс-президент Нұрсұлтан Назараевтың ел тізгінін ұстаған сәттегі жетістіктер мен кемшіліктер туралы айтып, «Нұрсұлтан Әбішұлымен жиі хабарласып тұрасыз ба?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар. Біздің жаңа тарихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп болды. Бұл – ақиқат. Салыстырмалы түрде алғанда, қысқа мерзім ішінде мемлекеттігіміздің берік тұғыры қалыптасты, билік институттары құрылды, жаңа астанамыз бой көтерді, шекарамыз шегенделіп, заң жүзінде бекітілді. Көптеген елмен тиімді қарым-қатынас орнатылды, экономикаға шетелден инвестиция тартылды. Осы жетістіктің бәрін жоққа шығару дұрыс болмас еді. Біз әділетті мемлекет құрамыз десек, тарихқа да, оны жасауға атсалысқан азаматтарға да әділ қарауымыз керек. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлттың болашағы үшін қажет. Өткенді ой елегінен өткізіп, оны әділ әрі шынайы бағалай алмасақ, алға сеніммен қадам баса алмаймыз. Саяси ахуалдың ықпалымен өз тарихыңды көпе-көрінеу бұрмалай беруге болмайды. Ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті. Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев Назарбаев отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтінін айтты.
«Үнемі Премьер-министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.