29.01.2025, 22:30

«Халыққа қай бетімізбен айтамыз?»: Ринат Зайытов тағы елді аузына қаратты

Фото: Мәжіліс

Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. 

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов еліміздегі ауылдардың мүшкіл жағдайын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.

Ол ауылдардың мәселесі жөнінде Үкімет басшысына сауал жолдады.  

Депутаттың айтуынша, соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. 2024 жылдың өзінде СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған. Зайытов бұл көзіңе еріксіз жас, көңілге мұңды күмән ұялататын статистика екенін айтты.

«Қажетті инфроқұрылымның сапалы медицина мен білімнің, тұрақты жұмыс пен табыстың, тіпті қарапайым интернеттің жоқтығынан 34 жылдың ішінде өз туған ауылын амалсыздықтан аз адам тастаған жоқ. Соның салдарынан, қаншама ауылымыз мүжілген сүйектей мүшкіл халге жетіп, жабылып қалды.

Бұл – жай ғана ауылдардың сандары емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы ғой. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екенін неге ұмыттық? Иә, Үкіметтің «Ауыл – ел бесігі» және AMANAT партиясының «Ауыл аманаты» деген ауыл тамырына қан жүргізетін, сәтті бағдарламалары ұсынылып жатыр, оларды тіпті енгізді де. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ бір - екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылдарын гүлдендіріп жібере алмайды ғой. Бүгін де ауыл тұрғындары өз күнімен қандай да бір іс бастайсың десе де кедергілер өте көп, мал бағып, егін өсірейін десе, жері, кәсіп бастайын десе, қаржысы, қажетті инфроқұрылымы да жоқ. Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде де қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджетте техника да, пәрмен де жоқ.

Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? Алдағы уақытты Абай облысы Аягөз ауданында да 10-нан астам ауылды жапқалы жатыр екен. Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?! Жоқ, әлде бұл әрекеттердің ары жағында халықтың бәрін мәжбүрлі түрде қалаға көшіру керек деген жымысқы саясат бар ма? Ауылдарды сақтау әрекетін қашан жасаймыз?», – деді Зайытов Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.