Екі президент 2,5 сағаттай сөйлесті.
Бұл күндері әлем назары Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің қашан тоқтайтынын бақылаумен әлек. Сейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, келіссөзге өте жақсы деп баға берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Біз энергетика мен инфрақұрылым бойынша атысты дереу тоқтату туралы келісімге келдік. Алдағы уақытта атыстың толық тоқтатылуы және Ресей мен Украина арасындағы осы соғыстың аяқталуына қол жеткізу үшін жылдам әрекет ететін боламыз", – деп жазды Трамп әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
АҚШ басшысының сөзінше, бұл соғыс ол президент болғанда ешқашан басталмас еді.
"Бейбіт келісімге қол жеткізудің түрлі аспектілері талқыланды, оның ішінде мыңдаған сарбаздың қаза болуы туралы да айтылды. Путин мен Зеленский бұл соғыстың аяқталғанын қалайды. Бұл процесс қазір жүріп жатыр. Біз адамзат үшін осы жұмысты аяқтаймыз деген үміттеміз", - деді америкалық көшбасшы.
Ақ үй Трамп пен Путиннің келіссөздеріне қатысты пікір білдірді. Ақпаратқа сәйкес, екі президент те бұл қақтығыстың бейбітшілікпен аяқталуы тиіс екеніне келіскен. Сонымен қатар, Вашингтон мен Мәскеу арасындағы екіжақты қарым-қатынасты жақсарту қажеттілігі де сөз болған.
"Украина мен Ресей бұл соғысқа жұмсап жатқан күштерді өз халқының қажеттіліктеріне бағыттауы тиіс. Бұл қақтығыс ешқашан да басталмауы тиіс еді және ол әлдеқашан тоқтатылуы керек болатын. Көшбасшылар бейбітшілікке жету жолындағы алғашқы қадам энергетика мен инфрақұрылым саласындағы атысты тоқтату туралы келісімнен, сондай-ақ Қара теңізде теңіздік бітімге қол жеткізу, толық атысты тоқтату және тұрақты бейбітшілік орнату жөніндегі техникалық келіссөздерден басталатынын келіскен. Бұл келіссөздер жақын арада Таяу Шығыста басталады", - деді Ақ үйдің өкілі Кэролайн Левитт.
Сонымен Мәскеу нақты не нәрсеге келісті?
"Негізгі түйін: Мәскеу Трамп тұсында өзін жайлы сезінеді, бірақ мұның себебі жұрт айтып жатқандай емес" дейді қазір Венадағы Қарусыздану және таратпау орталығынды жұмыс істейтін бұрынғы ресейлік дипломат Николай Соков. "Мәскеу Трамппен саудаласа алады. Ал Еуропа өз ұстанымын дұрыс деп, ол ұстанымы ешқандай саудасыз қабылдануы қажет деп санайды".
Нақты әскери қимылдарға келсек, келісім майдандағы ахуалға еш әсер етпейді. 1100 шақырымға ұласқан майдан шебінде Ресей әскері Украина қорғанысын жаншып келеді.
Украина әскері Курск облысынан шегініп жатыр. Жеті ай бұрын Киев майданның өзге шебіндегі қысымды әлсірету үшін Ресейдің осы облысына басып кірген және мұны алдағы бітім келісімінде саудалауды көздеген.
18 наурызда мәлімделген келісімнің елеулі тұсы – энергетика инфрақұрылымы.
2022 жылғы қарашадан бері Ресей Украинаның электр энергиясы нысандарын тоқтаусыз атқылады. Олардың ішінде: электр станциялары, электр энергиясын жеткізу желілері, трансформаторлар және қосалқы станциялары бар. Бұл Украина халқын титықтату, үркіту стратегиясы болатын және бұл стратегияны Ресей әскерінің бұрынғы қолбасшысы, "армагеддон генерал" атанған Сергей Суровикинмен байланыстырды.
Кремль мәлімдемесі: Украина жағдайына қатысты пікір алмасу
Кремль мәлімдемесінде Украина төңірегіндегі жағдай бойынша пікір алмасу "жан-жақты және ашық" өткендігі айтылды.
30 күндік бейбіт келісімге қатысты ұсыныс
АҚШ президентінің Ресей мен Украина арасында 30 күндік бейбіт келісім енгізу бастамасы бойынша, ресейлік тарап "қақтығыс шебінің барлық желісі бойынша оқ атуды тоқтатуға тиімді бақылау қажеттігін, Украинада мәжбүрлі мобилизация мен Қарулы Күштерді қайта қаруландыруды тоқтатудың маңыздылығын" атап өтті.
Қарулы қолдауды тоқтату
Кремльдің пікірінше, "қақтығыстың ушығуын болдырмау және оны саяси-дипломатиялық жолмен шешуге бағытталған жұмысты жалғастырудың негізгі шарты" — Киевке шетелдік әскери көмек пен барлау ақпаратының берілуін толықтай тоқтату.
Әскери тұтқындарға қатысты кепілдік
Владимир Путин әңгіме барысында ресейлік тараптың тұтқынға берілген жағдайда "Украина Қарулы Күштері сарбаздарының өмірі мен оларға лайықты қарым-қатынасқа ресейлік заңдар мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес кепілдік беретінін" растады.
Энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдардан бас Тарту ұсынысы
Дональд Трамп екі тараптың энергетикалық инфрақұрылым нысандарына 30 күн бойы шабуыл жасамау туралы ұсыныс жасады. Владимир Путин бұл бастаманы "оң қабылдап, ресейлік әскери күштерге тиісті бұйрық берген".
Қара теңізде кеме жүрісінің қауіпсіздігі
Ресей президенті Дональд Трамп ұсынған Қара теңіз акваториясындағы кеме қатынасының қауіпсіздігіне қатысты белгілі бір бастаманы жүзеге асыру идеясына "жауап қайтарды". Осы келісімді нақтылау үшін қосымша келіссөздер бастауға уағдаласты.
Әскери тұтқындарды алмасу
Владимир Путиннің мәлімдеуінше, 19 наурыз күні Ресей мен Украина 175 әскери тұтқынмен алмасады. Сонымен қатар, Ресейдегі медициналық мекемелерде ем қабылдап жатқан 23 ауыр жаралы украиналық әскери қызметші Украинаға қайтарылады.
Екіжақты келіссөздер
"Украинаны реттеу бойынша екіжақты режимдегі" одан әрі келіссөздер жүргізу үшін ресейлік және америкалық сараптамалық топтар құрылады.
Халықаралық мәселелерді талқылау
Владимир Путин мен Дональд Трамп халықаралық күн тәртібіндегі басқа да мәселелерді, оның ішінде Таяу Шығыс пен Қызыл теңіз аймағындағы жағдайды талқылады. Сонымен қатар, Трамп Владимир Путиннің АҚШ пен Ресейде ресейлік және америкалық ойыншылар арасында NHL және KHL хоккей матчтарын ұйымдастыру идеясын қолдады.
Байланысты сақтау жөнінде келісім
Екі ел президенттері байланыста қалуға келісті.