16.04.2025, 17:50

«Я не курю, но я балдею»: Мәжілісте депутат даулы мәселе көтерді

Фото: желіден алынды

Депутат Ерлан Саиров елімізде техникалық қарасора өсіру мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров елімізде техникалық қарасора өсіру мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, бұл тақырыпты инвестиция тарту аясында емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

"Техникалық болғанымен, ол бәрібір қарасора. Оның құрамында есірткі бар. Қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мұндай шөпті өсіруде мемлекет қатаң бақылау орнатып, нақты реттеу тетіктерін жасауы керек", — деді Ерлан Саиров Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовке сауал жолдай отырып.

Депутат қарасора өсіру бойынша тартылып жатқан инвесторлардың қандай талаппен іріктеліп жатқанын, сонымен қатар техникалық қарасораның қауіпті және қауіпсіз түрлерінің нақты сарапталып, мемлекеттік реестр жасалған-жасалмағанын сұрады.

"Бүгінде шекаралар ашық, ақпарат еркін тарайды. Ертең Қазақстан есірткіге бейім азаматтар үшін тартымды бағытқа айналып кетпей ме? Қоғамда "я не курю, но я балдею" деген ұранға айналып, есірткілік эйфория таралып кету қаупі жоқ па?", — деп алаңдаушылығын білдірді Саиров.

Санжар Әділов өз кезегінде, техникалық қарасора өндірісіне рұқсат беру қатаң бақылауда екенін айтты.

"Өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылатын қарасорада ТГК (тетрагидроканнабинол) мөлшері 0,1-0,3% аралығында ғана болады. Ал Шу өңірінде өздігінен өсетін жабайы қарасорада бұл көрсеткіш 15%-ға дейін жетіп, заңсыз айналымға түсетін есірткінің көзіне айналады. Техникалық қарасора қауіпті емес және біз бұл бағытты ІІМ деңгейінде қатаң қадағалаймыз. Ай сайынғы "Дәрек" атты жедел алдын алу шаралары арқылы бақылау күшейтіледі", – деді ол.