Сұлтановтың сөзінше, елде тапшылық жоқ, бірақ импорттаушылар бағаны көтеруге қысым жасап отыр.
Қазақстанда ет бағасының өсу ықтималдығы бар. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, соңғы бір жылда ет экспорты екі есе артқан. Бұл ішкі нарықтағы бағаға тікелей әсер етуде. Алайда министрлік жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қоймада шамамен 50 мың тонна өнім қоры бар, ол алдағы бірнеше айға жеткілікті.
Сұлтановтың сөзінше, елде тапшылық жоқ, бірақ импорттаушылар бағаны көтеруге қысым жасап отыр.
«Қажет болған жағдайда жергілікті биліктің бағаны реттейтін тетіктері бар. Қазір нарыққа араласпаймыз, себебі шаруалардың өзіндік құнын қарап отырмыз. Мысалы, жайылымда мал баққан шаруашылықтарда еттің өзіндік құны 1800–1900 теңге шамасында. Ал базарда еттің бағасы 3,5 мың теңгеден басталады. Болашақта баға азық қорының жеткіліктілігіне байланысты болады», – деді вице-министр.
Сарапшылардың пікірінше, қазір еттің бағасы күрт өспесе де, экспорттың артуы мен жем-шөп мәселесі алдағы айларда негізгі факторға айналуы мүмкін.