$ 540.05  629.16  6.65

«Қазақстан экономикасын жаңа деңгейге шығаруға бағытталмақ»: Алдағы Жолдаудың басты бағдарлары қандай

Экономист Бауыржан Ысқақов бұл Жолдауда бірінші кезекте халықтың күнделікті табысы мен инфляцияға қатысты мәселелер талқыланатынын айтады.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстанда 8 қыркүйекте Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы жарияланады. Бұл құжат – елдің әлеуметтік-экономикалық саясатын айқындайтын басты бағдарлардың бірі. Сарапшылардың айтуынша, Жолдау халықтың табысынан бастап, салық жүйесі, шағын бизнес, жасанды интеллект пен энергетикаға дейінгі мәселелерді қамтуы мүмкін, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Халық табысы мен инфляция: басты сын-қатер

Экономист Бауыржан Ысқақов бұл Жолдауда бірінші кезекте халықтың күнделікті табысы мен инфляцияға қатысты мәселелер талқыланатынын айтады.

«Соңғы жылдары инфляция халықтың нақты табысын жеп қойды. Тұрғындар жалақысының өскенімен, тауар бағасының қымбаттауы бәрін жоққа шығарып отыр. Сондықтан ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеру міндетті қадам болады. Әлеуметтік төлемдер жүйесінің әділдігін қамтамасыз ету де күн тәртібінде тұр. Бұл өзгерістер халықтың нақты өмір сапасына тікелей әсер етеді», – деді сарапшы.

Бауыржан Ысқақов, экономист: Өндірушілер ғана мемлекет жеңілдігіне ие болады

Оның пікірінше, инфляция тек азық-түлік бағасына ғана емес, тұрғын үй, коммуналдық қызметтер мен көлік шығындарына да қатты әсер етіп отыр. Бұл – қарапайым халықтың басты проблемасы.

«Инфляцияны тежеу үшін Ұлттық банк пен Үкімет жаңа құралдар енгізуі мүмкін. Бұл ақша-несие саясатын қатайту, несиелердің қолжетімділігін реттеу немесе баға тұрақтылығын қадағалау секілді шаралар болуы ықтимал», – дейді Ысқақов.

Салық реформасы және көлеңкелі экономика

Жолдауда айтылуы мүмкін негізгі өзгерістердің бірі – салық реформасы.

«2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енетіні белгілі. Президент бұл жолы оның басты бағытын нақтылап береді. Салық салудағы жеңілдіктер, әділдік принципі, жеке табыс салығының табыс шкаласын енгізу мәселесі қаралуы мүмкін. Сондай-ақ бизнесті көлеңкеден шығару үшін нақты қадамдар жасалады», – деді Бауыржан Ысқақов.

Экономика, экономика Казахстана, экономика РК, предпринимательство, бизнес, инвестиционные контракты, договоры, инвестиции, инвестирование, график роста, графики роста, график, графики, экономическое развитие Казахстана, фото - Новости Zakon.kz от 23.06.2025 15:24

Экономистің айтуынша, көлеңкелі экономика Қазақстан үшін үлкен қауіп төндіріп отыр. Қолма-қол айналым, жалақыны ресми көрсетпеу, салықтан жалтару – бюджетке түсетін түсімді азайтып, әділ бәсекелестікті тежейді. Сол себепті жаңа Салық кодексі бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді күшейтуге бағытталуы тиіс.

Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие, гранттар мен субсидиялар жалғасады. Әсіресе ауыл кәсіпкерлігіне арналған бөлек бағдарлама болуы ықтимал. Бұл ауылдағы жастарды жұмыспен қамтып, урбанизацияны тежейтін маңызды тетік болмақ.

Жаңа экономика: жасанды интеллект, жасыл даму және логистика

Ысқақовтың айтуынша, Қазақстан болашақта дәстүрлі мұнай-газ секторынан бөлек жаңа экономикалық бағыттарға бет бұруға тиіс.

«Экспортты әртараптандыру – стратегиялық міндет. Ақпараттық технология, жасанды интеллект, жасыл экономика, логистика, агроөнеркәсіп – келешекте ел экономикасының тірегі болады. Президент бұл салаларға басымдық беруді тапсырмақ», – деді сарапшы.

Әсіресе транзиттік дәліздердің дамуы ерекше мәнге ие. Қазақстан Еуразия құрлығындағы ең ірі транзиттік аймаққа айналу мүмкіндігін пайдалану үшін Оңтүстік, Солтүстік және Батыс бағыттардағы дәліздерді дамытуы қажет.

Инвестициялар мен Ұлттық банктің рөлі

Экономист Қажыкелді Шамбыл болса, алдағы Жолдауда инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлінетінін айтады.

«Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция тарту үшін құқықтық кепілдік пен тұрақты ереже қажет. Бюрократиялық кедергілерді азайту, инвесторлардың құқығын қорғау – басты басымдық болуы тиіс. Бұл ел экономикасына жаңа серпін береді», – дейді ол.

Сонымен қатар, ол Ұлттық банкке қосымша мандат берілуі мүмкін екенін айтады:

«Қазір Ұлттық банктің негізгі мақсаты – инфляцияны тежеу. Алайда дамыған мемлекеттерде орталық банктерге қосымша мандат беріледі, ол – экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Мүмкін бұл тәжірибе Қазақстанда да қарастырылар», – деді Шамбыл.

Ғылым мен жасанды интеллектке инвестиция

Қажыкелді Шамбыл ғылым мен инновация саласына бөлінетін қаражаттың аздығын сынға алды.

«Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы ЖІӨ-нің небәрі 0,16 пайызын құрайды. Бұл – жеткіліксіз көрсеткіш. Ал жасанды интеллектке тартылатын жаһандық инвестиция 80 млрд долларға жетуі мүмкін. Қазақстан осы бағытта нақты жоспар жасамаса, әлемдік бәсекеде артта қалады», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, жасанды интеллект тек экономикалық салада ғана емес, медицина, білім беру, мемлекеттік басқару саласында да тиімді қолданыс таба алады.

Бюджет кодексі және аймақтардағы теңсіздік

Шамбыл аймақтар арасындағы қаржы теңсіздігі мәселесін де атап өтті.

«Атырау облысы, Астана, Алматы секілді өңірлер донор болып отыр. Ал Түркістан облысы мен Шымкент республикалық бюджеттен 1–1,5 трлн теңге көлемінде трансферт алады. Мұндай теңсіздік аймақтардың дамуына кері әсер етеді. Сондықтан жаңа Бюджет кодексі аясында бұл диспропорцияны азайтуға бағытталған шаралар қарастырылуы мүмкін», – дейді ол.

Сарапшылардың пікірінше, Президент Жолдауында халықтың табысын арттыру, инфляцияны тежеу, жаңа Салық кодексі, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, жасанды интеллект пен жаңа экономиканы өркендету, энергетика және тариф саясаты, инвестициялық климат пен аймақтардағы қаржы теңсіздігі секілді кең ауқымды мәселелер қамтылмақ.

Бауыржан Ысқақов әлеуметтік төлемдер, инфляция, салық реформасы мен шағын бизнеске қолдау тақырыбын көтерсе, Қажыкелді Шамбыл инвестициялық ахуал, Ұлттық банктің рөлі, жасанды интеллектке қаржы бөлу және бюджет теңсіздігі мәселелерін атады.

Алдағы Жолдау елдің болашақтағы даму траекториясын айқындап, Қазақстан экономикасын жаңа деңгейге шығаруға бағытталмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 77
Ұнамайды 9
Күлкілі 4
Ашулы 2

Серіктес жаңалықтары