$ 494.87  520.65  4.91

Алматы мен Тусон өзара ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі

Жақында Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Омаров Аризона штатының Феникс және Меса қалаларында болып қайтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қыхзметі мәлімдегендей, штат губернаторы Дженис Брюермен болған кездесуде тараптар Аризона мен Қазақстан өңірлері арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдету жолдарын талқылады. Мәселен, штаттағы Тусон шаһары Алматымен бауырлас қалалардың бірі екені белгілі.

«Аризонаның еліміздің жекелеген аймақтарымен климаттық һәм экономикалық құрылымы жағынан ұқсас ерекшеліктеріне тоқталған қазақстандық дипломат өзара сауда-инвестициялық әріптестікті кеңейту, соның ішінде экономиканы әртараптандыру бағытында тәжірибе алмасуды арттыру мәселелерін атап өтті», делінген хабарламада.

Өзінің даму жолында Аризона штаты экономиканың дәстүрлі салаларында (мыс, мақта, металл өндіру мен экспорттау) жаңа қайта өңдеу түрлерін дамытып қана қоймай, бірқатар қызмет көрсету салаларында да (білім беру, медицина, қаржылық қызмет т.б.) сапалы өркендеуге жол ашты. Бұл өз кезегінде «Boeing», «Honeywell», «Timken» сияқты бірсыпыра ірі америкалық корпорациялардың штаттың түрлі қалаларында қосымша бөлімшелерін ашуына тамаша мүмкіндік сыйлады.    

Ал Алматы мен Тусон бауырлас қалалар арасындағы мәдени қарым-қатынастарды нығайту бағытында тараптар биылғы қараша айының екінші жартысында Тусонда әйгілі қазақстандық скрипкашы Марат Бейсенғалиевтің жетекшілігімен Алматы қаласы Симфониялық оркестрінің концертін ұйымдастыру жоспары жайында ой бөлісті. Аталған симфониялық оркестр АҚШ-та Карл Дженкинстің «Абай» және «Шәкәрім» шығармаларының әлемдік тұсаукесеріне орай 8-12 қараша аралығында болып қайтпақ. Штат басшылығы концертті өткізу идеясына қолдау танытатындығын білдірді және бұл бастаманың екіжақты байланыстарды арттыра түсуге септігі тиерін жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары