Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысында сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында Петербургтегі дәстүрлі кездесу жылды қортындылап, алдағы күнге жоспар құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Президент биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейлі жыл болғанын еске салды. Ұйым дамудың екінші онжылдығына батыл қадам басты.
Осы кезең ішінде өзара сауда-cаттық тұрақты түрде өсіп, ірі инфрақұрылым жобалары табысты жүзеге асты және өнеркәсіп кооперациясының аясы кеңейе түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан, ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық даму қарқыны бәсеңдемегеніне тоқталды.
– Биыл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жиынтық ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ. Алдағы екі жылда ІЖӨ өсімі тұрақты болады деп болжанып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері ұйым елдерінің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанға келген инвестиция жеті еседей өсті (2015 жылы 600 миллион доллар, 2024 жылы – 4 миллиард доллар). Өнеркәсіп өнімі 29 пайыз артып, 1,5 триллион долларды құрады, – деді Мемлекет басшысы.Президент жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне енгізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударып, интеграциялық бірлестікті дамытудың басым бағыттарын айқындады.
– Әлем жаппай цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Уақыт ағымынан қалмай, заманауи технологияларды ЕАЭО-ға мүше елдер экономикасының барлық саласына енгізу қажет деп санаймын. Жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне енгізе бастауды ұсынамыз. Атап айтқанда, мұндай жүйелерді сауда ағынын жоспарлауға және кедендік баж салығының ықпалын бағалауға қазірдің өзінде пайдалануға болады. Келесі жылы Қазақстан ұйымға төрағалығы аясында дәстүрлі Еуразия экономикалық форумын өткізеді. Осы жиында Экономикалық одақ кеңістігінде Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауға болар еді, – деді Мемлекет басшысы.Президент өзара сауда-саттықтағы әкімшілік кедергілерді толықтай жоятын уақыт келгенін мәлімдеді.
– Азаматтардың еркін қозғалуына мүмкіндік бермейтін қолдан жасалған шектеулерді алып тастап, шекарадағы жүк көліктерінің ұзын сонар кезегін жою қажет. Кедендік реттеу және (көлік, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық) мемлекеттік қадағалау шаралары ұйым ішіндегі кейбір шешімдерді өткізу құралы ретінде қолданылмауға тиіс. ЕАЭО құрылғалы бері кедергісіз сауда ортасын қалыптастыруға бағытталған біршама құжат қабылданды. Енді осы ортақ міндеттерді мүлтіксіз сақтап, өзара алыс-беріс пен барыс-келіске «тұсау болатын түйткілдерді» уақтылы шешіп отыру керек. Комиссия кедергілерді шұғыл анықтау үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамалық бастамаларына мониторинг жүргізетін жасанды интеллект технологиясын қосу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Кедергісіз нарық пен тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету басты міндет болуға тиіс. Азаматтар мен бизнес интеграцияның нақты пайдасын көруі керек, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуді белсенді қолға алған дұрыс деп санайды.
– Биыл Моңғолиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Бүгін Индонезиямен осындай мәміле жасалады. Біз мұны құптаймыз. Бұл – бірлескен жұмыстың елеулі нәтижесі. Әрі өзге елдердің Еуразиялық экономикалық одақпен сауда байланыстарын тереңдетуге қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдастығын кеңейту маңызды деп санаймыз. Сонымен қатар ШЫҰ, АСЕАН секілді басқа да маңызды ұйымдармен ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлу керек, – деді Президент.