Боксшының айтуынша, ол отбасымен достарына қонаққа кеткелі жатқанда күйік иісін байқаған.
Лос-Анджелес қаласында тұратын қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Ашкеевтің үйінен өрт шықты. 37 жастағы спортшы оқиғаның видеосын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Боксшының айтуынша, ол отбасымен достарына қонаққа кеткелі жатқанда күйік иісін байқаған. Гаражды ашқан кезде үйдің бір бөлігін жалын шарпып үлгергенін көріп, жақындарын дереу далаға алып шыққан. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар өртті тез арада ауыздықтап, толық сөндірді.
«Әр қиындықтың артында бір жеңілдік бар, Аллаға шүкір аманбыз», – деп жазды ол.
Қазіргі уақытта спортшының отбасы достарының үйінде уақытша паналап жатыр. Арада бірнеше сағат өткен соң Ашкеев оқырмандарына қайта байланысқа шығып, өрттің салдарын көрсетті және ешкімнің зардап шекпегенін айтты. Желі қолданушылары боксшыға қолдау білдіріп, қаржылай көмек жинауды ұсынды.
Мадияр Ашкеев Қазақстан чемпионаты мен 2014 жылғы Бүкіләлемдік бокс сериясының қола жүлдегері ретінде танымал. Ол Солтүстік Америка бокс федерациясы мен Ұлттық бокс қауымдастығының чемпионы титулдарына ие болған. Кәсіпқой рингте он бес жекпе-жек өткізіп, оның он төртінде жеңіске жеткен. Спортшы соңғы рет 2020 жылдың желтоқсанында америкалық Чарльз Конуэллге есе жіберіп, USNBC белбеуінен айырылып қалған болатын.