26.03.2026, 10:30

Қазақстанның сыртқы саясаты: көпвекторлы бағыттың маңызы

Фото: dknews.kz

Президент атап өткендей, қазіргі әлем барған сайын күрделеніп, болжап болмайтын сипат алып отыр.

Қазақстан Республикасының қазіргі сыртқы саясаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық бағытпен тығыз байланысты. 2020 жылғы 6 наурызда ұсынылған 2020–2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы елдің халықаралық аренадағы көпвекторлы әрі теңгерімді саясатының сабақтастығын нақты бекітті.

Қазақстанның Еуразия кеңістігінің дәл ортасында орналасуы оның сыртқы саясатына ерекше сипат береді. Осыған байланысты көпвекторлы және теңгерімді тәсіл – ел дипломатиясының негізгі тірегіне айналды. Бұл бағыт Қазақстанға әлемдегі өзгермелі жағдайға икемді бейімделіп, түрлі геосаяси орталықтармен тиімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

Президент атап өткендей, қазіргі әлем барған сайын күрделеніп, болжап болмайтын сипат алып отыр. Климаттың өзгеруі, жаппай көші-қон, геосаяси қақтығыстар сияқты факторлар жаһандық тұрақтылыққа әсер етуде. Сонымен қатар, халықаралық институттардың, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы тиімділігіне қатысты сын күшейіп келеді. Ірі державалар арасындағы келіспеушіліктер көптеген маңызды мәселелерді шешуді тежеп отыр.

Осы жағдайда орта державалардың рөлі артып келеді. Қазақстан осындай мемлекеттердің бірі ретінде халықаралық диалогты дамытуға белсенді үлес қосуда. Ел Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздерге алаң ұсынып, Сирия мәселесі мен Иранның ядролық бағдарламасына қатысты талқылауларды ұйымдастыруға қатысып келеді. Сонымен қатар, елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері тұрақты түрде өткізіліп, конфессияаралық диалог нығайтылуда.

Қазақстанның сыртқы саясатының негізінде прагматизм, икемділік және ымыраға келу қағидаттары жатыр. Көпвекторлы бағыт елдің бір ғана серіктеске тәуелді болмай, түрлі мемлекеттермен теңгерімді әрі өзара тиімді байланыс орнатуына жол ашады. Бұл – ұлттық мүддені қорғаудың маңызды құралы.

Бүгінде Қазақстан Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікті дамытып келеді. Әсіресе көрші мемлекеттермен екіжақты ынтымақтастықты нығайту сыртқы саясаттың басым бағыты болып қала береді. Сонымен қатар, Азия мен Таяу Шығыс елдерімен байланыстар да қарқынды дамып келеді.

Жалпы алғанда, Қазақстанның сыртқы саясаты – жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі әрі прагматикалық стратегия. Бұл бағыт елдің халықаралық беделін арттырып, оны Еуразия кеңістігіндегі маңызды дипломатиялық ойыншы ретінде қалыптастырып отыр.

Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумы барысында атап өткендей, қазіргі күрделі кезеңде нәтижелі диалог пен ынтымақтастық үшін ашықтық, төзімділік және ымыра аса маңызды.