Қауіпті нысан мәдениет орталығына жақын маңда орналасқан.
20 мамыр күні Екібастұз қаласында “Өнер” мәдениет орталығының жанында бес жасар бала ашық жатқан құдыққа құлап кетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода оқиға сәті анық көрінеді. Баланың анасының айтуынша, 2019 жылы туған ұлы ешқандай қоршауы мен ескерту белгісі қойылмаған, тереңдігі екі метрден асатын құдыққа абайсызда түсіп кеткен. Қауіпті нысан мәдениет орталығына жақын маңда орналасқан.
Оқиға салдарынан бала түрлі дене жарақатын алып, қазіргі таңда қалалық медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.
Бейнебақылау камераларына жазылған кадрларда баланың құдыққа құлағаны, кейін өз күшімен сыртқа шыққаны байқалады.
Аталған жағдайға байланысты Екібастұз полиция басқармасы пікір білдірді.
“Құрылыс жұмыстары, магистральдық құбырларды пайдалану немесе жөндеу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады”, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Қазір құқық қорғау органдары қауіпті аумаққа жауапты тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.