16.06.2026, 18:20

Трамп пен Зеленский G7 саммитінде кездесті

Фото: BBC

Әңгіме жақсы өтті,

Францияда өтіп жатқан G7 саммиті аясында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский қысқаша кездесу өткізді. Тараптардың тағы бір кездесуі сейсенбі күні өтеді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Дональд Трамп G7 саммиті барысында Владимир Зеленскиймен ресми кездесу өткізетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина басшысымен алдын ала әңгіме де болған.

Әңгіме жақсы өтті, – деді АҚШ президенті.

Сонымен қатар Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғыстың екі тарапқа да үлкен шығын әкеліп жатқанын айтып, Мәскеу келісімге келуі керек екенін атап өтті.

Өз кезегінде Владимир Зеленский әлеуметтік желіде кездесуден түсірілген фотосуреттерді жариялады. Кадрларда Зеленский мен Украина Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустем Умеровтың Дональд Трамп және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен әңгімелесіп отырғаны көрінеді.

Ұстанымдарды үйлестіру әрдайым маңызды, – деп жазды Украина президенті.

Бұған дейін Reuters агенттігі Зеленский мен Трамптың Еуропа көшбасшыларымен бірге G7 саммиті аясындағы жұмыс тобының отырысына қатысқанын хабарлаған болатын.

G7 саммиті 15-17 маусым аралығында Францияда, Женева көлі жағалауында өтіп жатыр. Жиынға Франция, Ұлыбритания, Канада, Германия, Италия, Жапония және АҚШ көшбасшылары, сондай-ақ Еуропалық одақ өкілдері қатысуда.

Reuters мәліметінше, еуропалық дипломаттар саммитті Дональд Трампты Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі ұсыныстарды қайта қарауға көндіру мүмкіндігі ретінде қарастырып отыр.