Ол — бұл құрметке ие болған алғашқы қазақстандық әрі Орталық Азиядағы жалғыз боксшы.
Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өткен салтанатты шарада GGG аңызға айналған былғары қолғап шеберлерінің қатарына қосылды. Ол — бұл құрметке ие болған алғашқы қазақстандық әрі Орталық Азиядағы жалғыз боксшы. Ең мықтысы — Головкин бұл тізімге алғашқы талпыныстан-ақ бірден таңдалды, ал мұндай жағдай бокс әлемінде өте сирек кездеседі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Салтанатты рәсім барысында Геннадий өзінің жекпе-жектерге киіп шығып, күллі әлемге қазақ мәдениетін танытқан әйгілі ұлттық шапанын осы Халықаралық бокс даңқы залының музейіне мәңгілікке табыстады. Енді жер жүзінен келген туристер мен бокс жанкүйерлері қазақтың шапанын Нью-Йорктегі музей төрінен тамашалайтын болады.
Осы айтулы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев GGG-ді арнайы құттықтап, жеделхат жолдады. Президент өз сөзінде Головкиннің бұл жетістігі — отандық спорттың мәртебесін асқақтатқан тарихи оқиға екенін және оның даңқты жолы өскелең ұрпаққа әрдайым зор үлгі болатынын ерекше атап өтті.