Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, марапатталған азаматтардың арасында саналы ғұмырын ақпарат саласына арнаған ардагер қызметкерлер де бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Жиында Мемлекет басшысы медиа саласының үздік мамандарына жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойғанын сүйіншіледі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президент журналистерге Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстанды құру ісіне орасан зор үлес қосып келе жатқаны үшін алғыс айтты.
– Сіздер қоғамда "Заң мен тәртіп", "Адал азамат" қағидаттарын орнықтыруға, сондай-ақ "Таза Қазақстан" тұжырымдамасын кеңінен дәріптеуге белсене атсалысып келесіздер. Сол арқылы халқымыздың болмыс-бітімін және санасын жаңғыртуға зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Алдағы уақытта да ақпарат саласының мамандары ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін. Мен бүгін Қазақстан Республикасының журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін медиа саласының үздік мамандарына жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойдым, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, марапатталған азаматтардың арасында саналы ғұмырын ақпарат саласына арнаған ардагер қызметкерлер де бар.
– Осы тұста ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген майталман диктор Зұлқия Жұматованы ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі күні 106 жасқа келген ардақты тұлғаны халқымыз айрықша құрметтейді. Сондықтан мен Зұлқия Мұқанқызына "Құрмет" орденін табыстау туралы шешім қабылдадым. Сондай-ақ, қазір ортамызда отандық медианың мәртебесін арттырып жүрген тәжірибелі азаматтар отыр. Олардың қатарында Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов, Қымбат Досжан сынды танымал журналистер бар. Тілшілердің жас буыны сіздерге қарап бой түзейді, – деді Президент.