Әлихан Смайыловтың мәліметінше, есепті кезеңде жалпы сомасы 5,8 триллион теңгені құрайтын 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, ведомствоның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысының қорытындысы туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлихан Смайыловтың мәліметінше, есепті кезеңде жалпы сомасы 5,8 триллион теңгені құрайтын 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілді. Тексерулер жергілікті атқарушы органдарды, «Проблемалық кредиттер қоры», «Аграрлық корпорация», «Қазпошта», «Ақтау теңіз порты» АҚ, денсаулық сақтау инфрақұрылымы мен бірқатар мемлекеттік органдарды қамтыды.
Анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді жою нәтижесінде мемлекет бюджетіне 128 миллиард теңге қайтарылған. Сонымен қатар Үкімет пен аудит нысандарына 35 ұсыным және 413 нұсқама жолданған.
Кездесу барысында бюджет үдерісін жетілдіру аясында заңнамаға енгізілген өзгерістер де сөз болды. Атап айтқанда, макроэкономикалық болжам жасаудың жаңа тәртібі қабылданып, мемлекеттік қаржының жұмсалуына қазыналық бақылау күшейтілді. Сондай-ақ жылдың төртінші тоқсанында бюджетке түзету енгізуге тыйым салынды.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы жекешелендіру үдерісінің ашықтығын арттыру және агроөнеркәсіп кешенін реттеу тетіктерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы да баяндады.
Оның айтуынша, 2026 жылдың екінші жартыжылдығында 20 мемлекеттік аудитті аяқтау жоспарланып отыр. Оның төртеуі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүргізіледі. Атап айтқанда, Шымкент қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктері тексеріледі.
Бұдан бөлек, газ және инвестиция салалары, «Жасыл даму» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметі, жекелеген ұлттық жобалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасына да аудит жүргізіледі.
Кездесу қорытындысында Президент мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруді, заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуді тапсырды.