$ 472.03  540.29  6.11

Бішкек тұрғындарынан бірнеше күнге қаладан кету сұралды

Билік мұны ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына байланысты түсіндірді.

Фото: 24kg
Фото: 24kg

Қырғызстан президенті әкімшілігі Бішкек тұрғындарына тамыздың соңы мен қыркүйектің басында мүмкіндігінше Ыстықкөлде немесе басқа демалыс орындарында болуға кеңес берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Президенттің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мұндай өтініштің Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мемлекет басшылары кеңесінің саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына байланысты екенін түсіндірді.

Оның айтуынша, бұл жолы Қырғызстанға бір мезгілде 21 мемлекеттің басшысы келеді. Бірқатар президент мемлекеттік сапармен келсе, кейбірі жұбайларымен бірге қатысады.

«Бірқатар мемлекет басшысының Қырғызстанға мемлекеттік сапары жоспарланған. Кейбірі алғашқы ханымдарымен бірге келеді. Сондықтан бішкектіктерден мүмкіндігінше осы күндері Ыстықкөлде немесе басқа демалыс орындарында болғандарын сұраймыз. Әйтпесе қолайсыздық ең алдымен өздеріңізге туындайды, өйткені үш күн бойы қаладағы жолдар жиі жабылып отырады», – деді Асқат Алагөзов.

Сондай-ақ ол биыл мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері оқуын 15 қыркүйекте бастайтынын айтты. Осыған байланысты тұрғындарға 1 қыркүйекке дейін Бішкекке оралудың қажеті жоқ екені ескертілді.

ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы Бішкекте 30 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтеді. Осы кезеңде елордада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты да ұйымдастырылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0