$ 462.3  538.07  5.41

Тоқаев әлемдегі геосаяси ахуал мен жасанды интеллект қаупіне тоқталды

Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясында әлемдегі геосаяси жағдай мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуына тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Президент қазіргі әлемдегі ахуалдың тұрақсыз әрі құбылмалы сипат алғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаһанда болып жатқан оқиғалардың одан әрі қалай өрбитінін болжау қиындаған.

«Әлемдегі оқиғалар тасыған селдей жүйесіз, бейберекет сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын. Бұл катаклизмдерден елдер мен халықтардың ешбірі тыс қалған жоқ», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы ірі мемлекеттер арасындағы өзара сенімнің әлсірегенін айтып, бұл жағдайдың халықаралық институттардың жұмысына да әсер етіп отырғанын жеткізді.

«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр», – деді Президент.

Тоқаев қазіргі күрделі кезеңде өңірлік халықаралық ұйымдардың маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар әлемдік аренада «орта державалар» санатына жататын мемлекеттердің рөлі күшейіп жатқанын айтып, Қазақстан да осы санатқа кіретінін жеткізді.

Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің жедел дамуын да қазіргі әлемдегі маңызды үдерістердің бірі ретінде атады. Алайда оның болашақтағы ықпалы әзірге толық болжанбайтынын айтты.

«Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді. Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлемдегі өзгерістердің салдары келешек ұрпаққа әсер етуі мүмкін екенін айтып, қазіргі үдерістерге жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0