Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясында ел экономикасында жүзеге асырылып жатқан негізгі реформаларға тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президент азаматтардың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, экономикада ауқымды өзгерістер қолға алынып, индустрияландыру жұмыстары қарқын алған.
«Экономикада іргелі реформалар қолға алынды. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндет ретінде белгіленді. Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекет пен шетелдік инвесторлардың қаржысы есебінен еліміздің өңірлерінде жаңа өндіріс орындары ашылып, мыңдаған жұмыс орны құрылып жатқанын айтты.
Сонымен қатар халықтың тұрмыс сапасы мен экономикалық өсімге қажетті коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту басталғанын жеткізді.
«Сіздер, депутаттар, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде ел ішін аралап, Қазақстанның бірте-бірте алып құрылыс алаңына айналып келе жатқанына куә болдыңыздар», – деді Президент.
Тоқаев ауқымды құрылыс пен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін қомақты инвестиция қажет екенін атап өтіп, мемлекет бұл үдерісте белсенді рөл атқаруы тиіс екенін айтты.